Шымкенттік жастар «Аутизмді жеңеміз» атты акция ұйымдастырды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  -  Шымкенттік жастар «Аутизмді жеңеміз» атты акция ұйымдастырды. «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен өткен шарада  еріктілер көпшілікке  аутизм туралы ақпарат таратып, арнайы роликтер көрсетті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Акцияны  ұйымдастырушы еріктілердің сөзінше, қазір еліміздің кейбір аймақтарында аутизмі бар балаларға арналған орталықтар жоқтың қасы. Сондықтан аталған дертпен күресу үшін ата-аналар бүлдіршіндерін шет елдерге апаруға мәжбүр. Оның үстіне  бұл сырқат соңғы кезде балалар арасында  белең алып барады. Сондықтан жастар осы мәселеге жұрттың назарын аудартсақ дейді. Өйткені аутизммен ауыратын жеткіншектерге қоғамға бейімделіп, әлеуметтеніп кетуі қиынға соғады.

Акция барысында жастар  шаһар тұрғындарына  ақпарат парақшаларын таратып,  халыққа аутизммен ауыратын адамдармен қалай сөйлесу қажеттігін сөз етті. Орталық алаңда  «Аутизмді жеңеміз!» деп ұрандатып, аспанға көгілдір түсті шарларды ұшырды. Бұл аутистикалық спектрдегі ауытқулары бар науқастарға деген қоғамдық қолдаудың белгісі болып саналады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірде аутизмі бар 123 бала есепте тұр. Оның 23-і  мектеп жасындағы жасөспірім болса, 29 бала оңалту орталығында ем қабылдауда.
null null null 

Соңғы жаңалықтар