Шымкенттік жас ғалымдар қанттан да тәтті өнім беретін өсімдік екті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік жас ғалымдар қанттың орнын баса алатын өнім алуға мүмкіндік беретін стевия дәрілік өсімдігін өсіруді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бал шөбі» атауына ие болған стевия өсімдігінің жапырақтарынан өндірілетін табиғи өнім қолданыстағы қанттан 15 есе тәтті. Сондай-ақ, тағамның дәмін қанық ететін табиғи тәттінің бағасы қолданыстағы қанттан арзанға түседі. Оны қантты алмастырумен бірге, фармацевтикалық бағытта да қолдануға болады. Бұл одан алынатын дәрі-дәрмектің қарапайым азаматтар үшін қолжетімді болуына сеп болмақ.

«Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы елдері осы өсімдікті өсіруге көңіл бөліп отыр. Себебі, стевиядан алынатын биологиялық қоспа қант диабетін емдейтін, ас қорыту жүйесінің жұмысын реттейтін және жүйке жүйесіне оң әсерін тигізетін қасиетке ие. Біз осы дәрілік өсімдікті өз елімізде өсіріп, өндіріске енгізуді көздеп отырмыз», - дейді ғылыми жобаның жетекшісі, PhD докторы Абдуғани Азимов.

Стевия жылу сүйгіш өсімдік болғандықтан, Қазақстанның климатына төзімсіз әрі өнуге бейімсіз келеді. Осыған байланысты жоба авторлары оны М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жылыжай кешенінде жүзеге асырып жатыр. Заманауи құралдармен жабдықталған кешеннің топырағы өңделіп, қосымша минералды тыңайтқыштармен байытылған.

Жоба сәтті шықса, алдағы уақытта өсімдікті қаладағы жылыжай кешендерінде көптеп өсіру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, қазақстандық ғалымдар жеміс ағаштарын сақтауға арналған жаңа диагностика жүйесін әзірлегенін хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар