Шымкенттік тұрғын өзінің 15 «клиентін» тонап кетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент тұрғыны ұялы телефондарды сатып аламын деп 15 адамды тонап кеткен. Жәбірленушілердің арасында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 жастағы күдікті Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қолға түсірген.

 Аталған полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз тұлға кәмелет жасқа толмаған баласының ұялы телефонын алып кеткенін көрсетіпті.  Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні ұстап,  оның 15 тонау оқиғасына қатысы барын анықтады.

Қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің берген түсініктемесіне қарағанда, ол өзінің «клиенттерін» әлеуметтік желіде ұялы телефон сатамын деушілер арасынан тауып отырған.  Сатылатын тауарларын көремін деп кездесуге шақырып, кейін оны тонап кетіп отырған.

Қазіргі таңда күдіктінің жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 800 мың теңгені құрап отыр. Күдіктіден айғақты заттар тәркіленіп, сезікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.

Соңғы жаңалықтар