Шымкенттік түлектер салтанатты кештерден бас тартып жатыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік түлектер қыруар ақша жинап, қымбат мейрамханаларда салтанатты кештер ұйымдастырудан бас тартып жатыр. Олар қымбат автокөліктермен шеру жасамай, оның орнына қоштасу кешін мектеп ғимаратында өткізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы 8104 бітіруші мектеппен қоштасады. Соңғы қоңырау күні түлектердің түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырап қалмауы үшін бірқатар шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, Полиция департаменті мен қонақ үйлердің басшылары, мектеп директорлары мен ата-аналар комитетінің төрағалары бас қосып, бірауыздан кештерді мектептерде өткізу туралы келісімге келді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылық пен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында әр мектепте 10-нан, қала бойынша 1400-ге жуық полиция қызметкері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыратын болды. Өз кезегінде түлектер де еліміздің Білім және ғылым министрі К.Шәмшиддинованың бітіру кештерін мектептерде өткізу туралы ұсынысын негізге ала отырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы жастардың мектеп бітіру кештеріне арналған челенжді жалғастырмақ.

Осы мақсатта мектеп түлектері арасында көшбасшылар кеңесі өткізіліп, мектепті бітіру кешін тиімді ұйымдастыру бойынша үндеу қабылданды. Онда кешті 11 жыл оқыған алтын-ұя мектепте өткізу, қымбат көліктермен автошеру жасауға тиым салу, мейрамханалар мен тойханаларда арнайы кештер өткізбеу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қарастырылған. Сондай-ақ, жас өрендерге өнеге болу мақсатында мектеп кітапханасына кітап сыйлау акциясын ұйымдастыру ісі қолға алынбаз. Бүгінде білім беру ұйымдары тарапынан ата-аналарға да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұл-қызының бітіру кешін мектепте өткізу туралы үгіт - насихат жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар