Шымкенттік студент ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен ұсталды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте университет студенті ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол есірткі курьері ретінде жұмысқа әлеуметтік желі арқылы орналасқан. Содан қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын жасырын орындарға тығып келген. Тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсіріп, қалтасынан 9 дана сары және жасыл түсті түйіншектерге салынған есірткі заттарын тәркіледі. Сондай-ақ жасырын орындарға тығып кеткен тағы 1 дана түйіншек алынды.

«Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын қарқынды жүргізіп жатыр. Кезекті рейд барысында есірткі заттарын таратумен айналысқан жоғары оқу орындарының бірінің студенті анықталып, ұсталды. Оның жасы 19-да. Сұрастыру барысында, ол аталған есірткі заттарын қаладағы 3 шағынаудан аумағына жасыруға бара жатқанын айтты.

Сараптама қорытындысына сай, тәркіленген заттар 5 грамм синтетикалық есірткі екені анықталды» - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар