Шымкенттік шенеуніктер 7-20-25 бағдарламасының тәртібін бұзып отыр - ИИДМ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында кейбір шенеуніктер «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана алған. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмас Ыдырысов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталған кезде, жүйедегі ақаудан қазақстандықтар өтінімді уақытылы бере алмады. Ал осы сәтте кейбір шымкенттік шенеуніктердің өтінімі кедергісіз қабылданды. Бұл қалай болғаны?» - деген сауал қойды тілші.

Аталған сауалға Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмас Ыдырысов жауап берді.

«Бүгінде аталған фактіге қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Шымкент қаласының әкімдігіне сауал жолдады. Жағдайды түсіндіруін талап етеміз. Осы тұста айтарымыз, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы оның бекітілген ережесіне сай іске асуы тиіс. Шымкент қаласы әкімдігінің белгілі бір мемлекеттік қызметшілер арасында тұрғын үй конкурсын өткізіп, «7-20-25» аясында баспана бергені бағдарлама ережесін бұзып отыр деген сөз», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған аймақ әкімдігіне шешімді қайта қарау ұсынылды.

«Сонымен қатар, тұрғын үй бағдарламасы ережесін бұзғаны үшін, кінәлілерді жауапқа тарту керектігі айтылды. Аталған мәселе біздің бақылауымызда. Тексеру нәтижесінде министрлік тарапынан қабылданған шешім туралы қосымша хабарланатын болады», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде 601 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр .


Соңғы жаңалықтар