Шымкенттік полицейлер статистикалық көрсеткіштерді бұрмалаған – Прокуратура

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттік полицейлер статистикалық көрсеткіштерді бұрмалап, көзбояушылықпен айналысқан. Бұл туралы қалалық прокуратурада өткен Үйлестіру кеңесінде сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесі мәжілісінде қылмыспен күрес жұмыстарының жағдайына талдау жасалған. Құқықбұзушылық профилактикасына тексеріс нәтижелері қаралған.

Жиында сөз алған қала прокуроры Мақсат Қожабаев қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау мәселесіне тоқталды.

Заңды қадағалау өкілдерінің сөзінше, жыл басынан бергі 8 айда қылмыс деңгейі 12% төмендегенімен, олардың кейбір түрлері өскен. Мал ұрлығы 11% және ұялы телефондарды ұрлау 12%, бұзақылық 12%, зорлау 5% өскен. Осыдан кейін прокурорлар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде полиция департаменті мен әкімдік тарапынан профилактикалық жұмыстарға салғырт қарағаны анықталды.

Есептік көрсеткішті әдейі кеміткен полиция қызметкерлерінің әрекеттерінен статистикалық көрсеткіштер бұрмаланып, қоғамдық орындарында жасалған құқықбұзушылықтар саны 5,2% төмендеген. Яғни, 300 қылмыс бұрмаланып, шын мәнінде қылмыс 2% өскен. Сондай-ақ, прокурорлар жедел-іздестіру қызметкерлері 1426 істің ашылуына ықпал жасады деген ақпарды тексерген. Оның нәтижесі 247 қылмыстың жедел-іздестіру қызметкерлерінің көмегінсіз ашылғаны анықталып, полиция қызметкерлерінің көзбояушылықпен айналысқанын көрсеткен.

Қала аулаларын жаяу аралап шыққан қадағалаушы орган өкілдері көшелердің толық жарықпен және бейнекамералармен қамтамасыз етілмегеніне көз жеткізген. Профилактикалық іс-шаралардың сапасыздығынан қала аумағында атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстар саны 8,9% және олардың қоғамдық орындардағы көрінісі 18,5% өскен.

Осындай кемшіліктерге байланысты қала прокуроры Мақсат Қожабаев барлық басшылар тарапынан ведомстволық бақылауды күшейтуді, қылмыстың алдын алуға және ашуға бағытталған барлық заңды іс-шараларды толық түрде атқаруға шақырды. Кеңес қорытындысымен бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді.

Соңғы жаңалықтар