Шымкенттік полицейлер іздеуде жүрген 23 қылмыскерді ұстады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік полицейлер ресейлік және өзбекстандық әріптестерімен бірге 13-14 наурыз күндері «Іздестіру» жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекетаралық құқық қорғау органдарының қатысуымен ұйымдастырылған операция кезінде із-түзсіз жоғалған 16 азамат пен іздеу жарияланған бір адамның мәйіті табылған. Сондай-ақ, полицейлерден қашып жүрген 23 қылмыскер ұсталған. Осылайша іздеуде жүрген 40 адам анықталды.

Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған шара аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерді іздестіру тиімділігін арттыру мақсатында өткізілген. Мәселен, операция барысында Ресей Федерациясында қылмыс жасаған деген күдікке ілінген Қазақстан Республикасының азаматы анықталып, қолға түсті. Қазіргі таңда оны көрші елден экстрадициялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тағы бір қылмыскер Ресейде қылмыс жасап, жасырынып жүрген болатын.

«Ресей Федерациясының Томск қаласында 2018 жылдан бері іздеуде жүрген. Ол есірткі заттарын өткізіп, тасымалдағаны үшін айыпталған. Қылмыскерді 13 наурызда Шымкент қаласында Криминалдық полиция қызметкерлері ұстады. Қазіргі таңда ол қамауға алынып, Ресейге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр» делінген хабарламада.

Ұсталғандардың арасында адамдарды заңсыз сатумен айналысқан Өзбекстан Республикасының азаматы да бар. Бүгінде ол қамауға алынып, жақын күндері Өзбекстан Республикасына экстрадицияланады деп күтілуде. Сондай-ақ, Шымкенттік полицейлер із-түзсіз жоғалған жергілікті жердің 50 жастағы тұрғынын Мәскеу қаласындағы ауруханалардың бірінен тапқан. Қазіргі таңда ол азамат жақын туыстарымен табысты.

Соңғы жаңалықтар