Шымкенттік дәрігерлер аналық безінде ісігі бар 2 жасар қызды аман алып қалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік дәрігерлер ауыр халде ауруханаға түскен 2 жасар бүлдіршінді аман алып қалды. Қыз баланың жатырындағы оң жақ аналық безінде ісік пайда болғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүлдіршінді жедел жәрдем қызметі Шымкент қаласындағы №1 клиникалық балалар ауруханасына жеткізген. Кішкентай науқасты тексеріп шыққан дәрігерлер шұғыл ота жасау қажет деп тапқан. Оның аналық безінде пайда болған ісікті алып тастау үшін лапароскопиялық жолды қолданған. Күрделі операция кезінде тәжірибелі хирургтар оң жақ аналық жұмыртқасының қатерсіз ісігін алып тастап, қауіптің алдын алған. Мамандардың сөзінше, қыз балаларда мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Шымкенттік дәрігерлер 20 жылдық тәжірибемізде бұл екінші жағдай дейді.

«Кішкентай қыз балалардың жыныс мүшесі нәзік келеді. Ісікті дер кезінде алмаған жағдайда жатырына қауіп төнуі мүмкін еді. Сәтті жасалған отаның арқасында балақайдың жағдайы жақсы. Операциядан кейін ауруханада бес-алты күн ем алып, анасымен бірге үйіне шығарылды»,- дейді операция жасаған білікті хирург Қалдыбай Тәжібаев.

Айта кетейік, хируруг Қалдыбай Тәжібаев 19 жылдан бері медицина саласында жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнге дейін алтын қолды дәрігер денсаулығында ақауы бар 10 мыңға жуық балаға ота жасаған. Ол 2000 жылдан бастап 2013 жылға дейін облыстық балалар ауруханасында балалар хирургы болып жұмыс істеген. Кейін 2013 жылдан бастап Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасына ауысып, балаларды емдеуде.

null

Соңғы жаңалықтар