Шымкенттен шығатын мультфильмдер «Диснеймен» деңгейлес болады - Батырхан Дәуренбеков

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – «Қошқар мен теке», «Тоқты мен Серке», «Қажымұқан», «Толағай» атты мультфильмдердің Шымкентте шығарылғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Шағын ғана кеңседе 20-ға жуық аниматордың жасап жатқан дүниелері қазір балалар арасында кеңінен танымал. Біз бүгін талантты жігіттердің басын қосып, қазақ анимациясының заман талабына сай дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген режиссер-сценарист, ҚР мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбековпен сұхбаттастық.

- Батырхан Қалдарбекұлы, мультфильм өндірісінде ең алдымен не нәрсеге баса мән бересіз?

- Мазмұн. Әрбір сценарийді жазғанда қазақ мультфильмдері арқылы балаларға тәлім-тәрбие беру, ұлттық идеологияны насихаттау ісіне ерекше мән беремін. Себебі, кино мен анимация – балалар тәрбиесіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Бұл арқылы тіл үйретуге де, түрлі құндылықты дәріптеуге де болады. Жалпы айтқанда, мультфильм – болашақты қалыптастырудың басты идеологиясы.

- Мәселен ...

- Бұрынғы кеңес заманындағы мультфильмдерді қазіргі балалар қарамайды. Қойып берсең, теріс айналып кетіп қалады. Сондықтан, біз ең алдымен, әрбір жастағы балалардың психихологиясын зерттеуді қолға алдық. Соған сай жұмыс істеп, ішіне қызықты эпизодтар, әзіл-қалжың қосып отырдық. Осылайша, жеңіл де қызықты көріністер арқылы ұлттық менталитет пен бала тәрбиесіне қажетті дүниелерді насихаттап жатырмыз.

Мәселен, «Қалқанқұлақ» фильмінде балаларды жақсылық жасауға баулу, «Қошқар мен текеде» бақыттың баршасы өз шаңырағыңда екендігін ұғындыруға мән бердік.

Әр сериалдың соңында «Бірлігіміз мықты болса, бізді ешқандай жау алмайды», «Бақыт деген – өз шаңырағымыз, өз Отанымыз екен ғой» деген сияқты ой айтылады.

Қоғам қайраткері Ермек Аманшаев Германияға барған сапарында сондағы қазақтарға «Қошқар мен текені» көрсетіпті. «Бақыт деген – өз шаңырағымыз, өз Отанымыз екен ғой» деген сөздер қатты әсер еткен болса керек, қандастарымыздың көпшілігі жылап қалыпты.

«Қалқанқұлақ» киносының «Әр күн сайын жақсылық жаса» деген идеясы күшті еді. Балалардың санасына қатты әсер еткен жоба болды. Тіпті, «жолда бөгет болып жатқан тасты алып тастасаң да – жақсылық» деген ойды балалардың санасына сіңіре алдық.

- Қазір бір қуантарлығы, телеарналарда, интернеттегі платформаларда қазақша мультфильмдер көбейе бастады. Ал, анимация саласында ұтылып жатқан тұсымыз бар ма?

- Мемлекет тарапынан ауқымды қолдау қажет. Бізде қаржы бөлуде бәсекелестік жоқ. Қазір «Қазақфильм» киностудиясы мен «Балапан» телеарнасына берілген тапсырыстар негізінде ғана жұмыс жүріп жатыр. Ал, жергілікті аниматорларға қолдау мүлдем жоқ. Егерде анимацияға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, бәсекелестік ортаға тасталар болса, қоғамға қажетті көптеген дүниелерді жасап шығаруға болады.

- Осыдан біршама уақыт бұрын Голливудтағы «Дисней» компаниясына барып, тәжірибе жинап келдіңіздер. Мамандарыңыз біліктілігін арттырып, үйренген тәсілдерін қызмет бабында қолдана алды ма?

- Иә, бүгінгі деңгейге жету үшін көп еңбектендік. Көп іздендік. Голливудқа бізді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған тұста Нұрғали Әшімов жіберген-ді. 10 күнге 4 адам барып, тәжірибемізді шыңдап келдік. Үйренгеніміз көп. Жалпы, ізденісімізді тоқтатқан емеспіз. Әр кез сайын семинарларға қатысып, өзімізше біліктілігімізді шыңдап жүрміз.

Мысалы, бұрын мультфильмдегі кейіпкерлерді жүнсіз жасайтынбыз. Көп элемент қосылмайтын. Аю, қой, қасқырдың үсті тықыр болатын. Қазір жүн қостық. Мультфильм ішіндегі ормандарды шынайы көрініске жақындаттық. Бұрынғы өнімдерімізбен қазіргілерін салыстыруға келмейді. Қазір сапамыз жақсарды. Ресейдегі аниматорлармен де бәсекелесе алатынымызға сенімдімін. Біздің команда «Маша мен медведьті» еш қиындықсыз жасай алады. «Шрек» мультфильмі бірінші шыққан сәтте таң қалғанбыз. Қазір біздің жасап жатқан дүниелеріміздің сапасы одан да жоғары. Осылайша, қаншама уақытта жасалған еңбектің бүгінде жемісін көре бастадық.

«Қазақ елі» атты мультфильміміз Египетте өткен сайыста 3 аталымды жеңіп алды. 90 мемлекет қатысқан сайыста «Үздік анимациялық фильм», «Үздік режиссер», «Үздік музыка» номинацияларын иеленді. Біз үшін бұл – зор жетістік.

Ал, «Қошқар мен теке», «Томпақ», «Қазақ елі», «Тоқты мен серке», «Момын мен қарақшылар» секілді мультфильмдеріміз балалармен қатар, ересектердің де қызыға қарайтын туындысына айналды. Әлеуметтік желілерде де көп қаралым жинады.

- Елімізде алғашқылардың бірі болып кино мен анимацияны біріктіріп, «Томпақ» фильмін түсірдіңіздер. Бұған дейін тек шетелдік фильмдерде көретін дүние көпшілік үшін таңсық болды. Дегенмен, фильм бітпей қалғандай әсер берді. Жалпы Томпақ жалғасын таба ма?

- Кино мен анимацияны біріктіру алғашқыда қорқыныш ұялатты. «Түсіре аламыз ба, жоқ па?» деп күдіктенгеніміз рас. Бір жағынан біз үшін қызық көрінді. Сонымен, тәуекел етіп «Балапан» арнасына ұсыныс жасадық. Ол кезде басшылықта Ләйла Сұлтанқызы еді. «Жасай аласыңдар ма?» деп сұрады. Бір бөлімін көрсетіп едік, таң қалды. Содан түсірілімді бастап кеттік. Арасында қызықты оқиғалар болды. Нәтижесінде, «Томпақ» көрерменге жол тартты. «Балапан» арнасының ұжымы мен көрермен тарапынан жақсы баға берілді. Тіпті, «Томпақты» көру үшін сабақтан қашатынмын» деген балдардың әңгімесін естігенде қуанып қалатынбыз.

Жалпы, «Томпақты» сұрап жатқандар көп. Бұл – балалардың жүрегіне жол тапқан фильм болды десем, артық айтқандық емес. «Томпақтың оралуы» деген фильм жасаймыз деп ойлағанбыз. Бұл ой әлі де бар. Фильмді жалғастырсақ, өте күшті болар еді. Бірақ, әзір бұл жобаны жүзеге асыра алмаймыз.

- «Қошқар мен теке» мультфильмі соңғы кезде «Тоқты мен серке» деп аталып жүр. Бұған не себеп?

- «Қошқар мен теке» мультфильмін «Қазақфильмнің» тапсырысымен жасаған болатынбыз. Сондықтан, авторлық сол кісілердің меншігінде қалды. Ал, кейін біз «Тоқты мен серке» мультсериалын түсіре бастадық. Аты өзгергенмен, кейіпкерлері ұқсас.

- Мультфильм дайын болған сәтте алғаш болып кімге көрсетесіз?

- Мультфильмдерімді алғаш болып көріп, бағасын беретін – өзімнің балаларым. Бес ұл-қызым бар. Ең кішісі 5 сыныпта оқиды. Үлкендері жоғары сынып оқығанмен, біздің туындыларды асыға күтіп жүреді. «Мультфильміңіз бітті ме? Қашан бітеді?» деп сұрап отырады.

«Томпақтағы» Жасмин де – менің қызым. «Балапан» арнасы балалар арасында кастинг жариялағанда басты рөлге екі қыз таласты. Жасмин алғашқыда өте алмай қалды. Үйге келсем жылап отыр екен. Алда әлі талай фильм түсірілетінін айтып, жұбатып қойдым. Бірақ, арада екі күн өткен соң, арнадан хабарласып қателескендіктерін айтты. Сонымен, Жасмин басты ролді алып шықты.

- Елімізде анимация саласында кадрлар тапшы екені анық. Жалпы мамандарды қайдан аласыз?

- Маманды біз өзіміз дайындаймыз. Суретшілікті бітірген жастарды анимацияға бағыттап, үйретіп аламыз. Тек ынтасы болса болды. Аниматорлар бұрын суретті қағазға салатын болса, қазір планшетке салады. Ол бірден компьютерге түседі. Бір секундта 24 кадр жасалады. Сондықтан, еңбегіміз «инемен құдық қазғандай». Ал, кадр азайса, мультфильмнің сапасы төмендейді.

- Құпия болмаса айтыңызшы, аниматорлар қанша жалақы алады?

- Біз еңбекақыны секундқа төлейміз. Қолы жылдам қимылдап, суретті көп салатын қызметкер 500-600 мың теңгеге дейін жалақы алады. Бұл – «Диснейден» алып келген тәжірибеміз. Сондай-ақ, бізде еркіндік бар. Қызметкерлерді сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін кеңседе ұстап отырмаймыз. Тек өздеріне берілген тапсырманы тиянақты орындауды ғана талап етеміз.

- Ал, сценарийді кім жазады?

- Сценарийді көбінесе өзім жазамын. Әзілдер де өзімдікі. Көпшілігі өмірден алынған. «Қошқар мен текені» көрген кейбір таныстарым «қасқырларды қатты келекке етіп жібердің» деп ренжиді. Бұл – мультфильм ғой. Оған ренжуге болмайды. Егер сол қасқыр арқылы балаларға тәлім-тәрбие бере алсақ, соның өзі үлкен жетістік емес пе?

- «Сақ» кинстудиясы алдағы уақытта балаларды қандай жобалармен қуантады?

- «Мультифрукті» деген жоба жасап жатырмыз. Бұл туындымен ресейлік нарыққа шықсақ деген ойымыз бар. Мұнда бір бақтағы жеміс-жидектер арасындағы оқиғалар көрсетіледі. Мәселен, асқабақ ата болып, шие, алмұрт, алмаға өзінің ақылын айтады. Сценарийін қызықты етіп жазып жатырмыз.

Сондай-ақ, «Қошқар мен текеге» байланысты мықты жобамыз бар. Екеуін мал ұрлайтындар қолды етеді. Қорада бұқа да болады. Содан қошқар мен теке және бұқа үшеуі қорадан қашуды жоспарлайды. «Побег из Шоушенка» сияқты. Мұның да сценарийі толық біткен жоқ. Одан бөлек, үлкен экранға шығаратын жобаларымыз бар. Бірақ, оны түсіруге бізге мол қаржы керек. Соған демеушілер іздестіріп жатырмыз.

- Сіздерде кино өндірісі де дамып келеді. Қазірге дейін қанша фильм түсірдіңіздер?

- Иә, киностудиямыз ұсынған фильмдер көрермен тарапынан жоғары бағасын алды. Олардың ішінде «Түркістан жүрегімде», «Көне жетігеннің сыры», «Әл Фараби», «Төле би», «Домалақ ана» фильмдерін көпшілік жылы қабылдады. Республикалық арналардан да көрсетілді. Әлеуметтік желілерде қаралымы жоғары. Сонымен қатар, Дина Нұрпейісова туралы «Күй құдыреті» атты фильм түсірдік. Бұл да жақын арада көпшілік назарына ұсынылады. Одан бөлек, 50-ге жуық мультфильміміз бар. Қазір арнайы әсерлегіштер (спецэффекты) енгізуді қолға алып жатырмыз. Кино түсірушілер тарапынан алғашқы тапсырыстарды да орындадық.

- Сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар