Шымкенттен Сенат депутаттығына 8 адам үміткер

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына Шымкент қаласынан 8 кандидат тіркелді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Берік Имашевтың төрағалығымен өткен жиында Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары қаралды. Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының деректері бойынша, Сенатқа  барлығы 9 кандидат ұсынылды. Оның екеуін Шымкент қаласының мәслихаты ұсынса, жетеуі - өзін-өзі ұсынған. Алайда сайлау комиссиясы тек 8 кандидатты тіркеген. Енді үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Ол 15 қыркүйектен 4 қазанға дейін жалғасады.

Отырыс барысында ОСК мүшелері, сондай-ақ Сенат депутаттарын сайлауды электрондық сүйемелдеу үшін Ортсайлаукомның интернет-ресурсын пайдалану туралы мәселені қарады.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сай 2018 жылғы 5 қазанда Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау болады.  Сайлау Сенат депутаттарының екі мандаты бойынша бір мезгілде өткізілмек. Шымкент қаласынан сайланатын сенаторлардың өкілеттік мерзімі 2014 және 2017 жылдары республиканың басқа өңірлерінен сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзіміне сәйкес келеді деп күтілуде.

 

Соңғы жаңалықтар