Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасының төрт қызметкері COVID-19 індетін жұқтырған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының төрт қызметкері науқастардан COVID-19 індетін жұқтырған. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауованың айтуынша, қауіпті індетті реанимациялық бөлімнің екі медбикесі мен бір тазалық қызметкері жұқтырғаны анықталған. Күні кеше олардан алынған сынамалар қауіпті індетке шалдыққанын растаған.

«Қауіпті инфекция 32 және 45 жастағы екі медбике мен 22 жастағы бір санитар қызметкерінен анықталған. Бұл медицина қызметкерлерінің қазіргі денсаулық жағдайлары қанағаттанарлық, шағымдары жоқ. Олар бізде коронавирустан қайтыс болған түркістандық үш науқасты емдеу кезінде жұмыс істеген»,- деді Айгүл Бекбауова.

Бүгін қалада тағы үш адамнан COVID-19 инфекциясының жұқтырғаны анықталған. Науқастар 34 жастағы жұқпалы аурулар ауруханасының санитары мен 54 және 13 жастағы қала тұрғындары.

«Індет жұқтырған қала тұрғындары ауруханаға жедел респираторлық инфекциясы диагнозымен түскен. Үйлерінде ем қабылдағанымен аурулары асқынған. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болмаған. Қазіргі таңда бұл науқастардың қайда, кімнен жұқтырғаны бойынша эпидемиологиялық талдау жүргізілуде. Олармен байланыста болған 31 адам карантинге жатқызылды», - деді Айгүл Бекбауова.


Соңғы жаңалықтар