Шымкенттегі жарылыстан үшінші адамның қайтыс болғаны хабарланды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықтың жанындағы жеке дәріхана ғимаратында болған жарылыстан үш адам қайтыс болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

«Өкінішке қарай, 1979 жылы туған күзетші Б., 1980 жылы туған жұмысшы Ш. және 18 күн бұрын туған 1 сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету және осы қайғылы оқиғаны тергеу үшін ведомство барлық қажетті шараларды қабылдайды», - делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мәлім еткендей, тағы 8 адам зардап шекті. Олардың барлығы қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды. Зардап шеккендерге А. Сызғанов атындағы ҰҒХО дәрігерлері кеңес беріп жатыр. Психологтар тобының жұмысы ұйымдастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі перинаталдық орталықтың қасындағы дәрі сақтайтын екі қабатты ғимаратта жарылыс болғанын хабарладық. Перзентхана ғимараты мен тұрғын үйге зақым келіп, ондағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілген еді. Шымкенттегі жарылыстан күзетшімен қоса бір нәресте шетінегені мәлім болды.


Соңғы жаңалықтар