Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бейнебақылау камераларына түсіп қалған видеолар жарияланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бейнебақылау камераларына түсіп қалған видеолар жарияланды. Олардың ішінде бұзақылардың орталық алаңдағы шыршаны жағып жатқанын, бейнебақылау камераларын сындырып, банкомат тонап жатқан әрекеттерін анық көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіпсіздік жайттары Шымкент қаласының Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қала аумағына қойған бейнебақылау камераларына түскен.

Бұзақылар қала әкімдігінің жанындағы «Көрме» орталығының ғимаратын бүлдіріп, онда өрт шығарған. Сондай-ақ, әкімдік аумағында тұрған полицияның қызметтік автокөліктері мен тұрғындардың көліктерін өртеген. Оған қоса, Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының алдында тұрған қызметтік автокөлікті жағып жіберген.

Олардың бұзақылық әрекетінің нәтижесінде Бейбітшілік көшесінде орналасқан «Nur Otan» партиясы филиалының ғимараты бүлініп, отқа оранды.

Бүлікшілер Нұрсат шағынауданында орналасқан «Метро» сауда үйінің есік-терезесін таспен сындырып, ішіндегі банкоматты алып шығып, жүк көлікке салып ұрлап кеткен.

Сонымен қатар, тәртіп бұзушылар қала аумағында көшелер қиылысы мен көше желілерінде қауіпсіздікті қадағалау мақсатында орнатылған бірнеше «Сергек» және басқа да бейнебақылау камераларды сындырды. Биік бағаналарда орнатылған бейнекамераларды олар арнайы жүк көлігінің үстіне мініп, қолдарындағы арнайы жарақтарымен ұрып қиратқан.

Камераларға түскен бейнежазбалардан бұзақылар Рысқұлов көшесі бойында жүріп бара жатқан жедел жәрдем қызметтік көлігінің алдына шығып, тоқтатып, жүргізушісін мазалап, көлік ішіндегі медициналық заттарды тонап кеткені де көрінеді. Сондай-ақ, тәртіп бұзушылар қала әкімдігінің алдындағы алаңда орнатылған шыршаны тұтатып, от қойған. Алайда, шыршаның белгілі бір бөлігі ғана жанған.

Қазіргі таңда қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру мақсатында іс-шаралар жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар