Шымкенттегі жаңа кәсіпорында заманауи медициналық құрылғылар шыға бастайды

None
None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкенттегі «КазМедПрибор» компаниясының медициналық жиһаздар мен жоғары технологиялық электронды жабдықтар шығаратын өндірісінің салтанатты ашылуы болды. Аталмыш нысан еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынып отырған сала болып табылады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

2012-2013 жылдар аралығында «КазМедПрибор» компаниясы қолданыстағы өндірісті жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде жаңа өндірістік кешен құрылды. Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары мен өңірдің Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асты. Құны 350 млн. теңгені құрайтын өндірістік кешенде 240 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тумақ.

Жобаның маңыздылығы ескеріліп, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының 1-ші бағыты «банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау» бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілді. Аталған жоба медициналық мекемелерде тозығы жеткен және сапалық ескірген аппаратураларды ауыстыруға септігін тигізіп, жоғары технологиялық бағыттағы әлемдік деңгейдегі медициналық техникалар шығаратын отандық өнеркәсіптің дамуына ықпал етеді. Медициналық бұйымдардың ішкі нарықтағы көлемі өткен жылы 6 млрд. теңгеге жуық болса, ондағы отандық өнімдердің ақшалай үлесі 10% ғана құрады. Ұсынылатын өнімдер бойынша республикада жүргізілген маркетингтік зерттеулер шығарылатын медициналық техникалардың түрлеріне сұраныстың үлкен екенін көрсетті.

«Кәсіпорында елімізде теңдесі жоқ және халықаралық стандарттарға сай бірегей медициналық жабдықтар шығарылады. Олардың қатарында рентген-аппараттары, УЗИ-аппараттары, эндоскопиялық хирургияға арналған бейнекешен, ота жасауға арналған столдар мен шырақтар, медициналық консолдар, электркардиографтар, пульсоксиметрлер, пациент мониторы, фетальды мониторлар мен доплерлер, ауа және бу стерилизаторлары, дезинфекциялау-жуу машиналары, биологиялық ламинарлық бокстер мен өзге де медициналық бұйымдар бар.Кәсіпорын шығаратын медициналық техникалар емдеу-профилактикалық және сауықтыру мекемелеріне, жедел-жәрдем ауруханаларына, санаторийлерге, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттар үйлеріне, реанимобильдерге және жеке тұтынушыларға арналған. Аталған кәсіпорын қызметіннің басты мақсаты - Қазақстанда теңдесі жоқ, бәсекеге қабілетті арнайы медициналық техникаларды шығару және сату», - делінген баспасөз баянында.

Тоқтала кететін жайт, жобалық қуаттылыққа шыққан жағдайда өндіріс көлемі жылына 60 мың дана медициналық жиһаздар мен құрал-жабдықтарды құрамақ. Жоспар бойынша кәсіпорын 2015 жылы жобалық қуаттылығын арттыратын болады.

Соңғы жаңалықтар