Шымкенттегі үш адам қаза тапқан жарылыстың шығынын арнайы комиссия есептеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арнайы құрылған комиссия Шымкент қаласындағы жарылыс шығынын есептеп жатыр. Оқиғадан көпқабатты үй, көліктер ғана емес, облыстық перинаталдық орталықтың ғимараты мен қымбат медициналық құрал-жабдықтар зардап шеккені белгілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай орын алған жердің жанында бірінші қабатта жансақтау бөлімі орналасқан. Онда шала туған нәрестелер жатқан еді. Үшемнің бірі қайтыс болды.

Брифингте қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пәшімов олардың анасының қайғылы оқиғадан бірнеше сағат бұрын тағы бір баласынан айырылғанын мәлімдеді.

Жергілікті әкімдік қаза тапқан үш адамның отбасына материалдық көмек көрсетеді.

Қаза болғандар арасында перзентхананың күзетшісі мен бригада құрамында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясының қызметкері де бар.

Қазір дәрігерлер апат салдарынан зардап шеккендердің өмірі үшін күресіп жатыр. Олардың арасында перинаталдық орталық қызметкерлері: санитарлар, медбике және перзентханаға интернет орнатуға келген тағы бір ер адам бар. Н ауқастардың жағдайы ерекше бақылауға алынды.

Бүгінде №1 облыстық перинаталдық орталықтың пациенттері №2 облыстық перинаталдық орталықтың ғимаратына, Шымкент қаласының №1, 2 қалалық ауруханаларына, қалалық перинаталдық орталыққа және облыстық балалар ауруханасына көшірілді.

Олар дәрігерлер мен психологтардың тұрақты бақылауында тұрғанын кеше өңірде өткен баспасөз конференциясында ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова хабарлады.

«Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының бастығы Марат Пашимовпен және медициналық ұйымдардың бірінші басшыларымен бірлесіп, жарылыс кезінде зардап шеккендер жатқызылған клиникаларды аралап шықтық. Екі пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр жағдайда 7 пациент бар, қажетті бейінді медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Науқастармен әңгіме жүргізілді, көрсетілетін медициналық көмектің сапасына пациенттер қанағаттанды», - деп хабарлады министрлік өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі перинаталдық орталықтың қасындағы дәрі сақтайтын екі қабатты ғимаратта жарылыс болғанын хабарладық.

Перзентхана ғимараты мен тұрғын үйге зақым келіп, ондағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілген еді.

Шымкенттегі жарылыстан күзетшімен қоса бір нәресте шетінегені мәлім болды.

Кейінірек жарылыстан үшінші адамның қайтыс болғаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар