Шымкенттегі шаруалардың салық төлеу бойынша проблемалары бар- депутат

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Оспанов Шымкенттегі шаруа қожалықтары салық бойынша қандай проблемаға тап болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірлерге іс-сапар барысында халықпен, ауыл шаруашылығы саласындағы кісіпкерлермен кездесіп, бірқатар ұсыныстары мен талап тілектерін тыңдадық. Кездесу барысында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласында орын алып жатқан кемшіліктер жетерлік екеніне көзіміз жетті. Солардың ішіндегі ең өзекті мәселенің бірі – жер салығы. Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала статусын берер алдында қаланың бас жоспары бірнеше рет қаралып, өзгерген болатын. Бас жоспар жасалған кезде Түркістан облысының бірнеше аудандарының біршама ауыл шаруашылығы жерлері Шымкент қаласының аумағына өткен. Бірақ бұл өзгерістер шаруа қожалықтарына салық бойынша үлкен ауыртпалық тудырды. Қазіргі таңда шаруалар егістік жердің салығын гектарына емес, шаршы метіріне төлеп отыр. Нәтижесінде, егістік жерге миллиардтаған салық есептеліп отыр, мұның барлығы өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының ақсап жатқандығының бірден бір себебіне айналуда», - деді Б. Оспанов ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, Шымкент қаласында ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер көлемі 62 мың гектарды құрап отыр және 5 мың шаруа қожалығы тіркелген. Өкінішке қарай барлық шаруа қожалықтарында осы сипатта қиындықтар туындауда және алдағы уақытта бұл жағдай үлкен дауға айналу қаупі бар.

«Сонымен қатар өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы үшін қосымша Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылатыны және жаңа облыстар орталықтары Семей, Жезқазған, Қапшағай, Талдықорған қалалары болатыны жөнінде атап өткен болатын. Осыған орай, құрметті Роман Васильевич аталған мәселені шешу бойынша қала аумағына өткен елді мекендердегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге арналған жаңадан базалық салықтық мөлшерлемелер анықтау және салықтық мөлшерлемелерді бір шаршы метріне емес, гектарына есептеу қажет деп санаймыз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар