Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінен өрт шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте сауда орталықтарының бірінен өрт шығып, құрылыс материалдары жанып кетті. Тілсіз жауды ауыздықтауға 50 өрт сөндіруші мен 11 техника жұмылдырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Жалын түнгі сағат 23.00-дер шамасында Жібек жолы көшесіндегі «Альянс» ЖШС-не қарасты сауда орындарының бірінен шыққан. Құрылыс материалдарын сататын орында бір дүңгіршек жанып, өрт оның жанындағы сауда орындарына өтіп кеткен. Оны сөндіруге қалалық төтенше жағдай қызметінің жеке құрамы мен арнайы техникалары жұмылдырылды. Тілсіз жау бір сағаттың көлемінде ауыздықталды. Соның салдарынан 130 шаршы метр аумақ толықтай жанып кетті.

«Қазіргі таңда өрттің не себепті шыққандығы анықталуда. Зардап шеккендер жоқ. Негізі «Альянс» ЖШС біздің критерийлер бойынша елеусіз топқа кіргендіктен, ол жерде біз біраз жылдан бері тексеру шараларын жүргізбегенбіз. Егер бұл нысанға арыз-шағымдар болса ғана тексеретін боламыз»,- деді Шымкент қалалық ТЖБ-ның бастығы Мадияр Жақсыбаев.

Айта кетейік, мұнда негізінен жөндеу жұмыстарына қажетті сантехникалық тауарлар мен құрылыс заттары сатылып келген. Әзірге қанша тауардың өртеніп кеткені туралы нақты ақпарат жоқ. Десе де сатушылар біраз шығынға батқанын алға тартады. Қалай болғанда да арнайы комиссия енді нақты шығын көлемін анықтайтын болады.

2  

Соңғы жаңалықтар