Шымкенттегі реформаларға сын көзбен қарамауға шақырамын - қала әкімі

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте алғаш рет қалалық үкіметтік емес ұйымдарының форумы өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты сын-пікірлерге өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғабидолла Әбдірахымовтың «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» атты форумында сөйлеген сөзінен видеоүзінді әкімдіктің Фейсбуктегі парақшасында орналастырылды.

«Қала тұрғындарын әкімдік жүргізіп жатқан кез келген реформаға сын көзбен қарамауға шақырар едім. Біз қала үшін, қоғам үшін  жасалып жатқан барлық жұмыстарды көрсеткіміз-ақ келеді. Ол жұмыстарды қоғам бағаласа дейміз. Әйтпесе, Эйфель мұнарасы сияқты жасап қойсаң, міндетті түрде кемшілігін табады: «Жасыл түспен бояған дұрыс еді, қоңыр қылып қойыпты» дейді. Жасамасаң «не үшін жасамаған» деп шығады. Қазір әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқысаң, кілең жағымсыз дүниені жазады», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Шаһар басшысының айтуынша, адамдар жарқын келешекке сеніп, өмірге позитивпен қарағаны абзал.

«Кейде, диванда жатып пікір айтатындарға: «Біреуді кінәламас бұрын, өзің ұйқыдан тұрғанда төсек орныңды жинайсың ба? Өзіңнен кейін ішкен кесеңді жуып қоясың ба?» деп сұрағым келеді. Біздің қазіргі мақсатымыз - қала тұрғындарының өмірге, жұмыс істеуге құштарлығын арттыру, сондай-ақ жарқын келешекке сенімін ояту, ертеңгі күні бұдан да жақсы болатынын ұғындыру», - деді Шымкент қаласының әкімі. 

null 

Соңғы жаңалықтар