Шымкенттегі облыстық ауруханалар Түркістанға көшіріле ме

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Шымкенттегі облыстық ауруханалар мен орталықтар Түркістанға кезең-кезеңімен көшіріледі. Дегенмен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев емдеу мекемелерінің барлығы бірдей көшірілмейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, Шымкентте орналасқан облыстық клиникалық және балалар ауруханасы сол жақта қала береді. Сол сияқты облыстық туберкулезге қарсы және жүйке аурулары диспансері, екі бірдей перинаталдық орталық науқастарды шымшаһарда қабылдай береді. 

«Неге десеңіздер, ондай тәжірибе Алматы облысында да, Астанада да бар. Себебі, шалғай орналасқан Мақтаарал, Шардара сияқты аудан тұрғындарына Түркістанға қатынау қиынға соғады. Біз, сондай-ақ, Шымкенттегі бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы екі кабинетте арнайы мамандарды қалдырып отырмыз. Себебі, сол аудан тұрғындарының кейбір мәселелері бойынша арыз-шағымдар қабылданады. Ауруханаға жатқызу жайттары қаралады»,- деді Мұқан Егізбаев. 

Басқарма басшысы, сондай-ақ, келер жылдан бастап Түркістан қаласында бірқатар емдеу мекемелері салынатынын жеткізді. 

«Жоспар бойынша, облыс орталығынан 610 орындық облыстық көпсалалы аурухана салынады. Екінші облыстық балалар ауруханасына қосымша 150 орындық ғимарат салынады. Одан бөлек, 500 келушіге арналған емхана мен облыстық қан және СПИД орталықтарының, туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансердің құрылысы басталады. Бұл мақсатта жобалау-сметалық құжаттарына қажетті қаржы бөлінді. Енді құрылыс басқармасы тендер жариялап, бұл құжаттар жасалып бітуі тиіс. Жобалау жұмыстарына шетелдік компаниялар да тартылады деп күтілуде. Себебі, бұл нысандар көрнекі үлгіде салынса деген ойымыз бар»,- дейді Мұқан Кеңесбекұлы.

Тағы бірнше нысанды салу үшін республикадан қаражат бөлу сұралған. Мәселен, Түркістандағы перинаталдық орталықтың жанынан  қосымша 150 орындық ғимарат салу қажеттігі туындап отыр. Сонымен қатар, Кентау қаласы мен Сайрам, Жетісай аудандарына, Мырзакент пен Атакент кенттеріне 5 емхана салуға да республикадан қаржы бөлу жағы қарастырылуда. 

Соңғы жаңалықтар