Шымкенттегі құлаған үйдің астынан бесіктегі сәбиді құтқару сәтінің видеосы пайда болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде Шымкентте жарылыс салдарынан опырылып құлаған тұрғын үйдің қирандылары астынан бесікке бөленген бір жасар сәбидің құтқарылып жатқан сәті түсірілген видео пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұялы телефонға түсірілген бейнежазбаны Facebook әлеуметтік желісіне Самат Баянбаев есімді пайланушы жариялады. Оның айтуынша, нәрестені оқиға орнына бірінші болып жеткен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері алып шыққан.

«Шымкентте тұрғын үйдің опырылып құлауы туралы шақыртуға қалалық жедел жәрдем стансысының 13-інші бригадасы бірінші болып жетті. Олар құтқарушылардың келгенін күтпей, жылаған дауысы шыққан баланы үйінділер арасынан өздері алып шықты. Құтқару операциясына дәрігер Явров, фельдшерлер Османов пен Айтуғанов, жүргізуші Түлебеков қатысты. Эксклюзивті видеоны ұсынамыз», - деп жазған Facebook пайдаланушысы.

Видеода үйінділер астынан шығып жатқан баланың жан ұшыра жылаған дауысы және жедел жәрдем қызметкерінің оны жұбатуға тырысып жатқаны естіледі. Қирандылардың бір бөлігін тазартқаннан кейін медиктер баланың бесікке бөлеулі жатқанын анықтайды. Сәбиді бесік бауларынан босата алған дәрігерлер, оны алып шығады. Нәресте өз құтқарушыларының қолына түскеннен кейін жылауын бірден тоқтатады.

Жедел жәрдем екінші кіші стансысының меңгерушісі Үрия Қалназарова да осы бейнежазбаны жергілікті БАҚ тілшілеріне таратқаны белгілі болды. 

Айта кетейік, бұған дейін оқиғаға орнына бірінші болып ҚР Ұлттық ұланының қызметкері, старшина Руслан Бахрамов жеткені хабарланған болатын.

Қайғылы оқиға 8 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласында болды. Халықтар достығы көшесінде орналасқан екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылып , баспана опырылып құлаған болатын.

Салдарынан 1988 жылы туған Сабина Орынбаева қаза болды. Тағы төрт адам зардап шекті: Қарлығаш Аxанова 1996 жылы туған (2 дәрежелі күйік жарақаты), Әсия Орынбаева 1957 жылы туған (дене жарақаты), Дәурен Жұмалиев 1985 жылы туған (дене жарақаты), Аружан Дауылбай 2015 жылы туған (дене жарақаты).

Алдын ала болжамға сәйкес,  үйдің құлауы газ-ауа қоспасының жарылысынан болған. Жарылыс кезінде бесіктің үстіне төбенің үлкен бір бөлігі түскен. Бесік қаңқасының жоғарғы бөлігі баланы ауыр жарақаттардан сақтап қалған.

 

Соңғы жаңалықтар