Шымкенттегі көпқабатты үйлерде жылу өшірілмейді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлерде жылу өшірілмейді. Бұл туралы бүгін Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбеков мәлімдеді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Еске салайық, күні кеше «ҚазТрансГазАймақтың» Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалы «3-Энергоорталық» мекемесіне көгілдір отын беруді ертеңнен бастап тоқтататыны туралы хабарланған болатын. Газға жауапты мекеме қарызды өтеу бойынша уағдаласқан екі апта мерзімнің аяқталғанын айтып хат жолдаған еді. Өйткені 2015-16 жылыту маусымына қордаланған қарыз 2 млрд 200 млн теңгенің үстіне шығып кеткен көрінеді. Оның үстіне жыл басынан бері тұрғындар 600 млн теңгенің жылуын пайдаланғаны анықталды.

Өзекті мәселені бүгін Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбеков жан-жақты түсіндіріп кетті. Бөлім басшысының сөзінше, жылу беруші орталыққа 2-ші ақпаннан бастап көгілдір отын берілмейді деген ескерту берілмеген. Сондықтан қазіргі таңда станса тұрақты түрде жұмыс атқарып жатыр. Дегенмен бүгін таңертең «3-Энергоорталық» пен «ҚазТрансГазАймақтың» Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалы басшылары кездескен.

«Алдын ала бекітілген кесте бойынша 1-ақпанға дейін төленетін сома 600 млн теңге. болып бекітілген. Қазіргі таңда оның 500 млн теңгесі төленді. Бірақ айтып жатырмын ғой, кеше де бүгін де «ҚазТрансГазАймақтың» басшыларымен кездесіп бұл мәселе бойынша келісім жасалды. Келесі айда ол кесте бойынша қалған сомаларды біз жабатын боламыз. Оған «ҚазТрансГазАймақ» тарапы түсіністікпен қарап, бұл жағдайға ешқандай шектеу немесе тоқтату деген мәселе қаралған жоқ»,- деді Талғат Қасымбеков.

Десе де коммуналдық салаға жауапты басшы қордаланған қарыздардың бар екенін жоққа шығармады. Ол мәселе бойынша тиісті кездесулер жүргізіліп, үшжақты қарыз өтеу кестесі бекітілген деп отыр. Ал кестеден кешігіп төлеуге бірнеше себептер бар екенін айтады.

«Кестедегі күннен кешіктірілген газға ЖЭО күнбе-күн төлейді. Ал халық тұтынған жылуға ақысын келесі айда ғана төлейді. Енді кестеге сәйкес ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз. Кестеден сәл қалу жағдайына ол кісілер де түсінікпен қарап, келесі айдың есебінен жабатын боламыз деп келістік. Қазір «Казтрансгазаймақ» тарапы көгілдір отынның берілуіне ешқандай шектеу қоймайтын болды», - деді Шымкент қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар