Шымкенттегі Еңбекпен қамту орталығына қатысты іс: сотқа 1800 куәгер шақырылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте мемлекет қаражатын талан-таражға салды, бас пайдасына жаратты деп айыпталған Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне қатысты іс бойынша сот отырысы өтуде. Қылмыстық іс бойынша орталық қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлерден құралған 14 адамға айып тағылып отыр. Бұл туралы Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судьяның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі бойынша 8 адам қамауға алынды, тағы 6 айыпталушы ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Жалпы аталған сот отырысына 1800 куәгер шақырылады деп күтілуде. Күні бүгінге дейін небәрі 100 шақты адам ғана тыңдалған.

«Куәгерлердің басым көпшілігі жеке кәсіпкерлер. Әлі тыңдалатын 1700 адам бар. Қылмыстық іс 200-ден астам томға жинақталған. Бухгалтерлік құжаттар бар, зерттелетін дәлелдемелер көп. Сот отырысы жуық арада бітпейді. Кемінде екі-үш айға созылады»,- дейді Әбинұр Қарабаев.

Айта кетейік, аталған қылмыстық іс бойынша жалпы саны 14 адам айыпталуда.

Ал басты күдікті деп танылған Шымкент қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бұрынғы басшысы Асылжан Жамалбеков халықаралық іздеуде жүр. Оған мемлекеттік қызметті атқаруға теңестірілген лауазымды тұлға бола тұра, ұйымдасқан қылмыстық топты өзіне бағынышты қызметкерлердің арасынан құрған деген айып тағылған. Тағылып отырған айыптарға сәкес, ол қылмыстық топтың басқарушысы ретінде 2015 -2017 жылдар аралығында күдікті Жүнісалиевамен алдын ала сөз байласып, бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың ысырап етілуіне ықпал жасаған және өзіне материалдық сыйақы алып, мемлекет бюджетіне жалпы көлемі 437 384 604 теңге залал келтірген. Аталмыш факті бойынша орталық директорының үстінен Қылмыстық кодекстің  262-бабы 3-бөлігімен («Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер»), 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен («Алаяқтық») іс қозғалды. 

 

Соңғы жаңалықтар