Шымкенттегі дүрбелең. Тергеу материалдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі басшысының суицидке баруы бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне жолданды, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ақпаратпен Шымкент қаласы полиция департаменті желідегі парақшасында бөлісті.

Сондай-ақ, Жедел басқару орталығы қызметкерінің арызына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.

«Олардың арасында туындаған жанжал ҚР ҚК 131-бабы «қорлау« бойынша екені анықталды. Осыған сәйкес ҚР ҚПК-нің 35-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Өз кезегінде қызметкерге азаматтық тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар екендігі түсіндірілді» - делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыдан біршама уақыт алдын Шымкент қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева деп көрсетілген аудиожазба әлеуметтік желіде тарап, талқыға түскен болатын. Онда әйел адамның қызметкеріне жекіп сөйлеп, былапыт сөздер айтқанын естуге болады. Кейіннен Жедел басқару орталығының қызметкері қылмыстық іс қозғау туралы баянат жазды. Оның хабарламасы ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы «Билік өкілін қорлау» бойынша тіркелген.

Ал, әлеуметтік желіде жазба қалдырған Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Кеше түнде ауруханаға түскен ол әлі есін жиған жоқ.



Соңғы жаңалықтар