Шымкенттегі әлеуметтік дүкендерде тауар бағасы әлдеқайда арзан

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасы басқа аймақтарға қарағанда тұрақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар күнделікті қажет заттарды әлеуметтік дүкендерден алуға тырысады.

Солардың бірі, көпбалалы ана – Сабина Нұрмаханова мұнда тауарлардың бағасы қарапайым дүкендегіден әлдеқайда арзан екенін айтады. Ол азық-түліктен артылған қаражатты балаларының өзге де қажеттіліктеріне жұмсайды.

«Біздер үшін осындай акциялар тиімді, өзім көпбалалы анамын, 4 балам бар. Сондықтан осындай әлеуметтік дүкендер өте тиімді. Ақшаңды үнемдеуге болады және балаларға басқа нәрселер - ұн, күріш, жеміс аламыз», - дейді Сабина Нұрмаханова.

Қазіргі таңда Шымкентте «Грамад» дүкендер желісінің 19 сауда нүктесі бар. Онда 11 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нақты белгіленген бағада сатылады. Мәселен, мұнда қырыққабаттың 1 келісі - 80 тг, 1 келі тұз - 48 тг, ал тауық жұмыртқасын 42 теңгеден алуға болады.

«Бағаны тұрақтандыру үшін қаламызда 8 жерде азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оған көтерме сауда қызметімен айналысатын кәсіпорындар, шаруа қожалықтары қатысады. Ол жерде бағалар нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылып келеді. Сонымен қатар көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап қалу үшін маусымаралық кезеңде бірқатар шаруа қожалықтарымен келісімшарттарымыз бар. Аталған шарт негізінде маусымдық кезеңдерде көкөніс өнімддері комиссиямен белгіленген бағада нарыққа шығады», - дейді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Жандос Ханиев.

Айта кетейік, бағаны тұрақтандыру мақсатында бірқатар кәсіпкерлік субъектілермен келісімшарттар түзілген. Қазір қалада 100-ден астам сауда орындарында бұл тауарлар бекітілген бағада сатылып келеді.


Соңғы жаңалықтар