Шымкентте жылыту маусымына дайындық басталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 372 көпқабатты тұрғын үй алдағы маусымға дайын. Бұл - шаһардағы үйлердің 18 пайызы ғана, деп хабарлайды ҚазАқпарат 24.kz сілтеме жасап.

Қалада 1 мың 848 үй бар болса, «соның 1200-ін қысқа дайындау мүмкін болмай отыр» дейді қалаға жылу таратушы мекеме. Себебі, бұл баспаналардың иелері құбыр жаңарту бойынша ешқандай қызмет көрсету орталықтарымен келісім жасамаған. Ал қыстың көзі қырауда құбырдан ақау табылып, жылу болмағанда, дабыл қағары анық.

Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізгі және ішкі орамдық жылу жүйелерін сығымдау жұмыстары әлдеқашан аяқталған. Жылумен қамту желілерінен 167 ақау анықталып, бүгінгі күнге дейін оның 49-ы қалпына келтіріліпті. Коммуналдық шаруашылық саласы мамандарының сөзіне сенсек, биыл жұмыстар жоспарлы уақытта аяқталып, тұрғындар қыста жылу тапшылығын сезінбейтін көрінеді.

«Жылуға дайындық қыркүйектің 15-20 аралығында бітуі керек. Ауа райына байланысты жылу әкімнің өкімімен беріле береді»,-дейді «Қуат жылу орталық-3» КММ бөлім басшысы Асқар Бөлешев.

Жылуға дайындық жұмыстары тек көпқабатты үйлерде ғана емес, бюджеттік ұйым мекемелерінде де жүргізілуде. Мәселен, шаһардағы 364 нысанның 146-сы, яғни, 40% жылумен қамтамасыз етілген. Ал кәріз, жылу жүйелері тозған 1200 тұрғын үйдің мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Маманның айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мекемелер тек қана 800 үйді қамтамасыз етіп жатыр. «Атап айтқанда, 1200 үй қараусыз қалып жатыр. Айта кететін мәселе, сол үйлерді әкімдік тарапынан ықпал беріп, жылыту маусымын іргелі жүргізсе, жұмыстар жасалар еді» дейді ол.

Биыл Түркістан облысы мен Шымкент қаласы шамамен 1 миллион 300 тонна көмір тұтынады деп жоспарланып отыр. Қазір мұнда 500 мың тоннадан астам көмір жеткізілген.

«Жүк тасуда ешқандай қиындық болмайды», - дейді теміржолшылар.

Шымкентте құбырларды тоттан сақтайтын бірегей технология пилоттық режимде енгізілмек. Электролитті құрылғы тот басқан құбырларды ауыстырмай-ақ, тот басуын тоқтата алады. Әрі жылу энергиясының сапасын арттырып қана қоймай, құбырларды пайдалану мерзімін де ұзартады. Егер шетелдік тауар көңілден шықса, алдағы уақытта қолданысқа енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар