Шымкентте жүргізушілер мен кондукторлар наразылық білдіріп, жұмысқа шықпай қойды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 50-ге тарта автобус жүргізушісі мен кондуктор наразылық білдіріп, жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес бағыт бойынша жүретін автобус жүргізушілері мен кондукторлар қазан айынан бері жалақы алмаған.

Олардың сөзінше автопарк қожайыны, айлық сұрағандарды шетінен жұмыстан шығара бастаған.

«Таңғы сағат төрттен тұрсақ та жарытып айлық алмаймыз біз. Жүргізушімен бірге күні-түні жүріп, 3 мың теңге алсақ та соған риза болып қайтамыз. Бір күн жоспар өткізбей көрші, жұмысқа шығармайды. Ал, анау кеңседе жылы жерде отырғандар 220 мың теңге алады. Біз сол 60 мың теңгені де ала алмай отырмыз»,- дейді кондуктор Гүлнәр Жүнісова.

Жүргізушілер бастапқыда автопарк қожайыны айлықтың көлемін 180 мың теңгеге дейін көтеруге уәде еткенін айтты.

«Қазір күйеуім екеумізге небәрі 45 мың теңге береді, әрқайсымызға 22500 теңгеден. Бізге айтады, сендер күте тұрыңдар деп. Неге өздері айлықтарынан төлей тұрмайды. Қазір несиелерімізді де төлей алмағандықтан, дүние мүлкімізді арестке қойып тастады. Бала-шағамызды кім асырайды?»,- дейді кондуктор Айгүл Сәлімбаева.

Ал, автопарк директоры болса, бұл мәселелердің барлығы уақытша қиындықтар екенін айтты.

«Басында бізге шығыны көп бағыттар берді. Маршруттардың 70 пайызы өзін-өзі ақтамайды, түскен ақша олардың айлықтарын төлеуге жетпейді. Бірақ соған қарамастан кешіктіріп беріп жатырмыз. Қазір бізге әкімшілік жәрдем беріп, субсидияға қол жеткіземіз ба деп отырмыз. Ол қаражатты қаңтар айынан бастап аламыз деп жоспарлануда. Қазанның айлығын енді береміз. Субсидия алған соң жүргізушілік айлықтарын 200 мың теңгеге дейін көтереміз», - дейді Shymkent Bus автопаркінің директоры Елікбай Тоқбергенов.

Айта кетейік, «Shymkent Bus» автопаркі 12 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Компанияда 480 жұмысшы бар.

Соңғы жаңалықтар