Шымкентте Жолдау міндеттерін жүзеге асыру мәселелері талқыланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының міндеттерін іске асыру мәселелерін талқылау тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліске сот төрағасы мен судьялар, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті заң басқармасының басшысы, аудандық Мемлкеттік кірістер басқармаларының бөлім басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-нің және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда аталмыш соттың төрағасы Мәлік Майсақанов Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып, Мемлекет басшысы белгілеген заман талабына сай тиімді мемлекет құрудағы мемлекеттік органдардың рөлін ерекше атап өткенін жеткізді. Сонымен қатар, ол азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеді.

«Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналады. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген өзекті бір мәселе, әкімшілік әділет құрылымын енгізу болып табылады. Азаматтар жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді», – деді М.Майсақанов.

Қатысушылар мәжілістің өзектілігін атап өтіп, бұл кездесу мемлекеттік аппараттың тиімділігін көтеру бағытында проблемалық мәселерді көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.

Соңғы жаңалықтар