Шымкентте «Жасыл қала» бағдарламасы қабылданды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жаңадан әзірленген «Жасыл қала» бағдарламасы қабылданды.  Оған сәйкес, шаһардағы өзендердің бойынан гүлзарлар салынып, жүзімдіктер мен жеміс баулары бар көшелердің саны артатын болады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында жарияанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандардың сөзінше, аталған бағдарлама қаланы көгалдандыру мен агро-ауыл шаруашылығы белдеуін дамытып, сақтау және әлемдік мегаполистер тәжірибесі бойынша жаңа бау-саябақ мәдениетін құру мақсатында қолға алынған. Оны  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов жетекшілік еткен жобалаушы топ жүзеге асыратын болады. Қазір бұл топқа түрлі саланың сарапшылары енгізіліп отыр. Олардың қатарында сәулетшілер, ғалымдар, биологтар, агрономдар, бағбандар, гидротехниктер, экономистер мен студенттер бар. Жобаға байланысты құжатта Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастырудың, көшелерді көгалдандырып, саябақ аумақтарын дамытудың нақты жобалары ұсынылған. Нақтырақ айтқанда, қалаға кіреберіс аймақтарда тоғайлар, ауыл шаруашылығы жерлерінің маңында талдар алқабы құрылады. Сонымен қатар ұлттық үлгідегі этнографиялық гүлзарлар пайда болмақ. Бағдарламаны жасаушылар Шымкенттік символы - қызғалдақты да ұмыт қалдырмаған. Яғни, шаһарда қызғалдақ қорын құру жоспарланып отыр. Бағдарлама авторларының айтуынша, мұндай жоба қажет. Себебі, облыс орталығы тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді.

 «Бұл бағдарламаны құрудағы негізгі себептің бірі - қала экономикасы дамыған сайын ауаның, топырақ пен су көздерінің ластануы артты, қалдық су көбейді.  Техникалық және рекреациялық әсердің кесірінен қала маңындағы бағалы ландшафт жойылуда. Қала орталығы да табиғаттан алыстап барады. Осыған байланысты қоршаған ортаны сауықтыру қажеттігі туындады. Яғни, қалалық саябақтар мен жасыл белдеулер құрудың нәтижесінде экологиялық ахуалды жақсарту көзделіп отыр», делінген бағдарламада.

Айта кетейік, мерзімі 2030 жылға дейін жоспарланып отырған «Жасыл қала» бағдарламасы республикалық және жергілікті бюджет қаржысымен, жеке инвестиция тартумен жүзеге асырылмақ.

Фото: shymkent.gov.kz

Соңғы жаңалықтар