Шымкентте жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сурет байқауы өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы  сурет байқауы өтті.   «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірге!» атты конкурсқа 14-17 жас аралығындағы 100-ге жуық суретші қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті осы тектес қылмыстардың алдын алу мақсатында ұйымдастырды. Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің студенттері конкурста плакаттар мен компьютерлік графика бағыттары бойынша сайысқа түсті. Аталған сайыс жеңімпаздары марапатталып, олардың жұмыстары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірге!» әлеуметтік жарнамалардың халықаралық жастар байқауына жолданды. Сондай-ақ, үздік жұмыстар www.anticorruption.life ресми сайтында жарияланады.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру және бірлескен тиімді шараларды қабылдау мақсатында ҚР Мемлекеттің қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ТМД-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекетаралық кеңесінің аясында Ресей Федерациясы, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғыз Республикаларының уәкілетті органдарымен белсенді түрде өзара әрекеттесуде.

Ал, 2018 жылғы 2 шілдеде Ереван қаласында өткен Кеңестің кезекті отырысында Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы осы тақырыпта байқау өткізу бойынша бастама көтерді. Оған сәйкес, 14-35 жас аралығындағы қатысушылар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірге!» тақырыбында плакаттар және видеолар форматында әлеуметтік жарнама әзірлеп, онда қоғамның барлық деңгейлерінде және барлық қызмет салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазіргі заманғы тетіктерін, сондай-ақ аталған бағытта халықаралық ынтымақтастықтың рөлі мен маңызын көрсететін болады.

Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Мәскеу қаласында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар