Шымкентте жасөспірімдерге қатысты жыныстық қылмыстар екі есе артты - прокуратура

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте кәмелет жасына толмағандардың жыныстық қол сұқпаушылығына қатысты қылмыстар саны екі есеге артқан.  Бұл туралы құқыққорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға құқыққорғау және құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Оның барысында адам өміріне және жасөспірімдердің жыныстық қол сұқпаушылығына қатысты қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.   

Қала прокуроры Мақсат Қожабаев атап өткендей, ағымдағы жылдың 11 айында Шымкент қаласында тіркелген қылмыстар саны 18,6% (18 588-ден 15 122-ге) азайды. Адам өлтіру қылмысы 6,6% (30-дан 28-ге) төмендегенімен, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, абайсызда адам өлтіру фактілері 20% (10-нан 12-ге) артқан.

Онымен қоса, кәмелеттік жасқа толмағандардың жыныстық қол сұқпаушылығына қатысты қылмыстар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе немесе 138,8% (18-ден 43-ке) көбейген.

Прокурорлардың мәліметінше, арнайы жүргізілген талдау нәтижесі Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмысында көптеген кемшіліктер болғанын көрсетті. Яғни, комиссия отырысын өткізу мерзімінің сақталмауынан бастап, бұл бағытта уәкілетті органдардың өзара әрекетсіздігі сияқты көптеген заң бұзушылықтар анықталған.

«Оқушы қыздардың зорлануына қатысты 7 факті анықталды. Ювеналды полиция және мектеп әкімшілігі тарапынан тиісті назар аударылған жағдайда олардың алдын алуға болушы еді», - деп атап өтілді отырыс барысында.  

Кеңес отырысының қортындысымен, қалалық Әкімшілік полиция басқармасы мен Білім басқармасына «жайсыз отбасыларды» анықтау жұмыстарын күшейту тапсырылды. Алдағы уақытта «тәуекел топтардың» тізімін жүргізу арқылы оларды профилактикалық есепке алу қажеттігі ұсынылды. Сонымен бірге, осындай жанұяларды есепке алатын электронды жүйе құру мүмкіндігін қарастыру жөнінде қала әкімдігіне ұсыныс енгізілді. Ғаламтор желісіндегі интимді сипаттағы сайттарға шектеу қою шараларын қарастыру жүктелді.

 

Соңғы жаңалықтар