Шымкентте жасөспірімдер тағы да төбелесіп, бір-біріне оқ атқан

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жасөспірімдер тағы да төбелесіп, бір-біріне оқ атқан. Салдарынан бір кәмелетке толмаған жасөспірім дене жарақатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай Алматы тас жолы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысында орын алған. 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өзара жанжалды шешпек болып, осында жиналған. Олардың біреуі әзірге белгісіз қарудан оқ атқан. Қазір бұл жәтті полиция тергеп жатыр. Күдіктілердің жеке бастарын тергеу барысында кәмелетке толмаған 5 жасөспірім анықталған. Жасөспірімдердің екеуі құқықбұзушылыққа қатысы бар-жоғын анықтау үшін ұсталған. Қалғандарын ұстау бойынша жедел кешенді іс-шаралар жүргізілуде.

«Бұл жайт Шымкент қалалық Полиция департаментінің Абай ауданы Полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 293-бап 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте мектеп оқушылары төбелесіп, біреуі жарақат алған болатын. Қазіргі таңда екі оқушы қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде







Соңғы жаңалықтар