Шымкентте жас полиция қызметкерлерінің слеті өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Полиция департаменті «Шымкент - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп Жас полиция қызметкерлерінің слетін өткізді.

Салтанатты шара құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік пен жас полицейлердің кәсіби қалыптасуын дамыту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға Полиция департаменті мен 6506 әскери бөлімінің басшылары, құқық қорғау қызметінің ардагерлері мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаментінің мамандары, әскери бөлімінің офицерлік құрамы мен жастар қатысты.

Слет кезінде полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында екені айтылып, ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланыстылығы сөз болды. Полицияның ашық болуы үшін халықпен тығыз байланыс қажеттігі қамтылды. Шара соңында қызметте жоғары көрсеткіштерге жеткен үздік жас полицейлер мен олардың тәлімгерлері ПД басшылығы тарапынан марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, «Халық қаһарманы» атағының иегері, полковник Қ.Үмбетов іс-шараға қатысушылармен әр түрлі тақырыптарда әңгіме жүргізіп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз кезегінде ішкі істер органдарында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» арнайы жобасы аясында бірлесіп жұмыс істеуде. Аталған жоба аясында Шымкентте «Шымкент - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, оның басты миссиясы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау болып отыр.

Соңғы жаңалықтар