Шымкентте жарылыстан кейін перзентханадағы 100-ден астам адам басқа ғимаратқа көшірілді
2022 жылғы 21 мамыр 15:37

Шымкентте жарылыстан кейін перзентханадағы 100-ден астам адам басқа ғимаратқа көшірілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жарылыс болған ғимараттың жанындағы перзентханадан 100-ден астам ана мен сәби, медицина қызметкерлері басқа ғимаратқа көшірілді. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Перинаталдық орталықтан эвакуацияланған жүзден аса ана мен сәбилері Рашидов көшесіндегі перзентханаға тасымалданып, орналастырылды. Жарылыс болған ғимараттың қасындағы бес қабатты тұрғын үйдің 20-ға жуық тұрғыны да қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың арасында зардап шеккен адамдар жоқ. Десе де, оқиға орнында жедел құтқару жасағы мен кинологтар жұмыс істеп жатыр. Қалалық әкімдікте штаб құрылып, арнайы техникалармен тазалау жұмыстарын жүргізу шаралары басталады», - деді Мадияр Жақсыбаев.

Департамент бастығының сөзінше, жарылыс салдарынан екі қабатты ғимараттың 55 шаршы метрі өртеніп, 130 шаршы метрі құлаған. Ал, оқиға орынан табылған ер адам 1979 жылы туған перзентхананың күзетшісі екені анықталды. Өртенген ғимараттың перинаталдық орталыққа еш қатысы жоқ болып шықты.

«Жарылыс болған ғимараттың иесі іште жұмысшылар болмағанын айтады. Бәрі демалыста болған. Сонымен қатар, ғимаратта екі тоннадай сутегі асқын тотығы сақталғанын жеткізді. Бұл - фурациллин мен глюкоза шығаратын сұйықтық. Жарылысқа осы сұйықтық себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Десе де, оның нақтысы тексеру барысында анықталады. Газдың кесірінен жарылыс болуы мүмкін деген болжам қарастырылып жатқан жоқ», - деді қалалық ТЖД бастығы.

Еңбекші аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК 292-бабы 2-бөлігі «Адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл ретте 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шымкентте дәрі сақтайтын ғимаратта жарылыс болып, күзетші қаза тапты.


Jańalyqtar

MURAǴAT