Шымкентте жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлінген ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр
2022 жылғы 16 қаңтар 13:05

Шымкентте жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлінген ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жаппай тәртіпсіздіктен залал келген «Көрме» орталығынан басқа барлық нысандар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Толығымен өртке оранып, жарамсыз күйге түскен көрме ғимаратын сүріп, қайта соғу мәселесі қарастырылуда – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зардап шеккен 8 нысанның 6-уы әкімшілік мемлекеттік нысан. Оның ішінде қалалық әкімдік, «Көрме» орталығы, «Түркістан сарайы» мәдениет үйі, Ж.Шанин атындағы драма театры, мәдениет басқармасы мен балалар кітапханасы және қалалық «Nur Otan» партиясының ғимараты мен екі коммерциялық нысан бар.

Шымкент қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелері тәртіпсіздік кезінде өртенген партия филиалының ғимаратына өздерінің жеке есебінен ғимаратты жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Олардың қатарында «Жастарды қолдау» аймақтық қоғамдық кеңес төрағасы Аслан Алимбек, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дария Қожамжарова және Сайрам көмекші-интернат колледжінің директоры Жадыра Таңатарова бар.

Сондай-ақ, қалалық полиция департаментінің зақымданған автокөлік онына ҚР Ішкі істер министрлігінен қызметтік 63 жаңа автокөлік берілді. Бұдан бөлек, залал келтірілген 7 жедел жәрдем көлігі қалпына келтірілген. Қала аумағындағы бүлінген 200-ге жуық «Сергек» бейнебақылау камераларының бүгінгі күнге 46-ы жөнделген.

Зардап шеккен 23 кәсіпкердің 12-сі меншіктерін өз күштерімен қалпына келтіріп отыр. Ондағы шығын көлемі 226,6 млн. теңгені құрайды. Қалған 11 кәсіпкерлік нысанның залал шығыны анықталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қиын сәтте жеке кәсіпкерлер де өз қолдауларын көрсетуде. Мәселен, зардап шеккен әкімшілік іскерлік орталығы алаңындағы гүлзардың аяқжолдарына демеушілер есебінен брусчаткалар мен гранит тастары, 350 шаршы метр газон төселді. 50 дана спинкер, 4 орындық орнатылды. Қаңтар айының соңына дейін көшет отырғызу және қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Жалпы, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша жағдай тұрақты.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT