Шымкентте жанармай бағасы қымбаттады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жанар-жағар май бағасы қымбаттады. Халық арасында көп сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің құны 141 теңгеге дейін көтерілген, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  

Бағасын тым көтеріп жіберген бекеттердің бірі - «Газпромнефть». Мұнда қазір  АИ-92 бензині литріне  - 141, Аи-95 - 153 теңгеден сатылуда. Ал, «ҚазМұнайГаз»  компаниясы ең сұранысқа ие бензинді литріне 137-ден 139 теңгеге дейін қымбаттатқан.

Сол сияқты қаладағы өзге жанармай құю бекеттерінде де бағаның күрт өскені байқалады. «Sinooil» мен «Satti Zhol» бекеттерінде АИ-92 бензині 140 теңге деп белгіленсе, Аи-95 152 теңгеге тұрақтаған. Кішігірім бекеттерде халық көп тұтынатын жанармай бағасы  орташа есеппен 137-138 теңге болса, Аи-95 - 150 теңге. Жүргізушілер өз кезегінде дизель отынының да бағасы біршама өскенін айтады.

Бағаның қымбаттауына байланысты жанармай бекеттерінің қожайындары өз уәждерін айтып отыр. Облыстағы «Жанар-жағар май» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаровтың сөзінше Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты бензиннің көтерме бағасын 4 теңгеге көтеріп жіберген.

«Бағаны көтергенімізге бүгін үшінші күн. Бұрын зауыттан АИ-92 маркалы бензиннің тоннасын 152 мың теңгеден алсақ, қазір оған 5 мың теңге артық төлеудеміз. Себебі, зауыт бағаны солай көрсетіп отыр. Ал, дизель отынының бағасы 122 мың теңгеден 127 мың теңгеге бір-ақ көтерілді», - дейді Қ.Қамбаров.

Жанар-жағар май сатушылардың пікірінше, бағаны ұстап тұру үшін алдымен зауыттан босатылатын бензин көлемін реттеу қажет. Сонда ғана баға жүйеленеді.

«Жанар-жағар май сататын компаниялар әкімдікке ай сайын сұраныс жасап, сол сұраныс бойынша зауыттан бензин, дизель отынын алады. Алайда соңғы кезде сол сұраныстарымыз бола тұра, алатын бензин көлемі азайып бара жатыр. Мәселен, бір айға 150 тонна сұрасақ, 120-130 аламыз. Содан кейін ол шығынымызды ақтамайды. Бағаны көтеруге тура келеді», - дейді қауымдастық төрағасы.

Еске салайық, өткен жылдың қыркүйек айында еліміздің Үкіметі тарапынан АИ-92/93 жанар-жағар майларының бағасына мемлекеттік реттеу болмайтындығы туралы шешім қабылданған болатын.  

Соңғы жаңалықтар