Шымкентте жаңадан салынған студенттер жатақханасы пайдалануға берілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттеріне арналған жаңа жатақхананы салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға ОҚМПУ ректоры Анар Қайырбекова мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Оңалбай Аяшев қатысты.

240 орындық жаңа ғимаратты студенттерге тапсырған қала басшысы бұл жұмыстар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жастардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы екенін атап өтті.

«Елбасы 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Шымкенттегі жатақхана қажеттілігін жою бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, осы жылы бүгінгі 240 және 350 орынды екі жатақхананың құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр», - деді Ерлан Айтаханов.

Аталған оқу ордасының жаратылыстану факультетінің студенттері жайғасатын жатақхана Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан. Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт, ас бөлмесі де бар.

Соңғы жаңалықтар