Шымкентте жаңа 100 жедел жәрдем көлігі бүгіннен бастап шақыртуға шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында берілген 100 жаңа жедел жәрдем көлігі бүгін желіге шықты. Сары түске боялған көліктер бір мезетте орталық жедел жәрдем стансасынан шақыртуларға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандары енді 103-тегі шақыртуларға мамандардың кешігуі азаятынын айтады. Яғни, шұғыл көмекті қажет ететіндерге жедел жәрдем қызметкері дер кезінде барып, медициналық көмек көрсететін болады. Бүгінге дейін қала тұрғындары тарапынан жедел жәрдем қызметінің уақтылы келмеуіне байланысты көптеген сын-ескертпе айтылып келген. Сондықтан, бүгін жолға шыққан автокөліктер осы кедергілерді жойып, олқылықтардың орнын толтырмақ.

Айта кетейік, бұған дейін шаһардағы жедел медициналық жәрдем стансасында 87 көлік болса, оның жартысынан көбі бүгінгі күнде тозығы жеткен.

Енді ескірген көліктер жаңасына ауыстырылып отыр. Жаңа жедел жәрдем автокөлігі инновациялық технологиялар қолданылған, заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Атап айтқанда, сыртқы кардиостимулятор мүмкіндігі бар дефибриллятор, өкпені жасанды желдендіру, реанимациялық портативті рюкзактар, 12 каналды электрокардиографтар (ЭКГ), стационарлық және портативті оттегі беру жүйесі, 4 реанимациялық бригадаларға жүрек массажына арналған автопульс, педиатриялық бригадаларға жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған 4 инкубатормен жарақтандырылған.

Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметі басшылығы сall-орталық әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылады деп отыр. Жергілікті кадрларды шұғыл жағдайларда симуляциялық макеттерде жұмыс істеуге оқытудан өтіп, біліктілігін арттыру да жоспарлануда.
Соңғы жаңалықтар