Шымкентте вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс үш есе артқан

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте вирусқа қарсы қарсы дәрілерге сұраныс үш есе артқан. Бұл туралы дәріге жауапты сала басшылары мен дәрі сатушы компания өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандардың сөзінше, елімізде дәрінің 6191 түрі сатылымда болса, оның тек 125 түрі ғана Шымкентте шығарылады. Ал, қаладағы 730-ден аса дәріхана бөлшек саудамен айналысады. Оның 60%-ы - үлкен, қалғаны – шағын дәріханалар.

Десе де, қазіргі таңда ЖРВИ, пневмония және тұмаудың басқа да түрімен ауырғандар санының күрт көбеюіне байланысты бірқатар дәрілердің тапшылығы артып отыр. Оның себебін фармацевтер тұтынушылырдың вирусқа қарсы препараттарды көп мөлшерде сатып алып жатқандығымен түсіндіреді. Ал оны толық қамтуға кішігірім дәріханалардың күші жете бермейді.


Дегенмен қалада 77 дәрінің түріне мониторинг жүргізіліп, мамандар 240 мың қаптамада парацетамол бар екеніне көз жеткізген.

Сондай-ақ, дәрігердің нұсқауынсыз берілетін өзге де дәрілердің жеткілікті екенін анықтаған. Алайда дәрі қоймаларда бар болғанымен, дәріханаға жеткен соң тез таусылып қалуда. Себебі, шағын дәріханаларда дәрі қоры аз болады.


«Халық рецептсіз босатылған дәрілерді жаппай сатып алуда. Бұл дұрыс емес. Дәрілердің мерзімі мен сақтау жолдары бар. Егер ол дұрыс сақталмаса, адам ағзасына кері әсер етеді. Сондықтан дәрілерді, мейлінше, дәрігердің нұсқаулығымен сатып алу керек. Қоймаларда дәрілер бар, бірақ дәріханаларға жеткен соң, тез таусылып қалып жатыр», – дейді қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ләззат Қашқынбаева.


Бұдан бөлек, Л.Қашқынбаева дәріханадағы бағаның өсіп кетпеуіне мониторинг жүргізетінін алға тартты. Оның айтуынша, 2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 104-бұйрығымен 6191 дәріге шектеулі баға көрсетілген.

Егер дәріхана иелері осы шектеуді ескермей, дәрі бағасын негізсіз көтеретін болса үлкен дәріханаларға - 100 АЕК, ал шағын дәріханаларға - 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.


Соңғы жаңалықтар