Шымкентте вагонды булап, тазалайтын жаңа цех іске қосылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте күніне 300 жүк вагонды булап, тазалайтын 3 үлкен қазандық іске қосылды. «Қазығұрт-Юг» мекемесіне тиесілі қазандықтар сағатына 24 тонна бу өндіре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Қажетті буды «3- Энергоорталығынан» алып жүрген мекеме осылайша бұл тәуелділіктен құтылып отыр. Аталған қазандықтар мұнай өнімдері қалдықтарын сыртқа шығаруға арналған науалармен және басқа да құралдармен жабдықталған. Тұндырғыдағы ұяшықтар үнемі тексеріліп отырады.  Цех мамандарының сөзінше, қазандықтар бір ай бойы тексеруден өткенде, ешқандай ақау анықталмапты.

Айта кетейік, «Қазығұрт-Юг» мекемесі 1985 жылдан бері вагондарды булау арқылы тазалау жұмыстарымен айналысады. Тоқырау жылдарының өзінде мұндағы жұмысшылар саны қысқармаған. Себебі, мұнай өнімдерін тасымалдаушы вагондарды күтіп ұстау үздіксіз қызметті қажет етеді.

«Біз дағдарыс кезінде де жұмыс орнын қысқартқан жоқпыз. Себебі, мұнай өнімдерін шетелге экспорттау арқылы елдің еңсесін тіктеп отырған Елбасымыз бұл саланы дамытуға басымдық беруде», - дейді серіктестік директоры Ержан Құрманбеков.

Бүгінде мекемедегі  цистерналардың тазалығы мен қауіпсіздігіне жауап беретін 165 қызметкер бар. Жаңа цех ашылғалы, тағы 20 азамат жұмыспен қамтылған. Айына 4 мың жүк вагонын жуып үлгеретін  кәсіпорын басшылығы енді бұл көрсеткішті 2 есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар