Шымкентте үш баланың өліміне себепші болған дезинфектор сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте үш баланың өліміне себепші болған дезинфектор 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 42 жастағы Болат Жәнібеков сот шешімімен жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 304 бабының 3-ші тармағымен кінәлі деп танылып, жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге моральдік өтемақы төлеуге міндеттелді. Сотталушы үкімді түзеу колониясынан онлайн режимде тыңдады. Айта кетейік, 11 айға созылған процесте Болат Жәнібековтің қылмыстық әрекеті айғақты заттармен толық дәлелденген. Оған қоса бірнеше куәгерлер мен жәбірленушілердің берген жауаптары негізге алынған. Сот қос ұлынан айырылған Тасполатовтар отбасына өтемақыны екі айдың ішінде төлеуі тиіс болды.

«Жәбірленуші тарапынан талап арыз түскен. Сол талап арыз соттың шемімен толығымен қанағаттантыруға жатады. Өйткені, ол отбасында тек 2 ұл бала болған. Сол 2 ұл бала да қазаға ұшыраған. Балдардың өмірі әрине, ол ақшамен теңелмейді. Бірақ, сот осы көрген азаптарын моралдік залалды олар көрсеткен 5 млн теңгені толығымен өнідірге жатады деп тапты», - деді судья Светлана Шыналиева.

Айыпталушының тергеу кезінде өткізген әрбір күні екі күн деп белгіленді. Сондай-ақ, жәндіктерді залалсыздандыру жұмысымен 3 жылға дейін айналысуға тыйым салынды.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай өткен жылы қараша айында тіркелген болатын. Көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жүргізілгеннен кейін бір отбасы ауруханаға түсіп, оның 11 айлық және 4 жасар екі баласы көз жұмған еді. Ал, екі айдан кейін дәл осы сотталушының жүргізген дезинфекциясынан тағы бір жанұяның 8 айлық нәрестесі бақилық болды.


Соңғы жаңалықтар