Шымкентте «Ұлы дала мұрагерлері» атты мерекелік шара өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұлы дала мұрагерлері» атты мерекелік шарасы ұйымдастырылды.

ҚР Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған шара сахналық қойылым түрінде өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеш шымылдығы оркестрдің орындауында Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйімен ашылды. Ұлы дала елінің ұлық мерекесіне арналған кеште сақ дәуірінен тәуелсіздікке дейінгі елеулі оқиғалар қамтылды. Алдымен сақтар туралы бейнебаян көрсетіліп, Алтын адам биі жиналған қауым назарына ұсынылды. Кейін 12 мың шақырым қашықтықты жалғап, шығыс пен батысты байланыстырып тұрған Ұлы Жібек жолы туралы да мол мағлұмат берілді.

Сауда бағыты еліміз үшін мәдени және экономикалық көпір болғаны керуен көрінісі арқылы көрерменге жол тартты. Сондай-ақ, ұлтарақтай жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батырлардың ерен ерлігі сұлтандар кеңесінде көрініс тапты. Ашаршылық жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдер де назардан тыс қалмады. Жеңіске жеткен жауынгерлердің қуанышты сәті де сахналанды. Қазақ жастарының күресіне айналған желтоқсан көтерілісі көрерменнің көңілін босатып, жанарына жас толтырды. Осылайша, екі сағатқа созылған кеште байтақ жерді бүгінгі ұрпаққа аманат еткен ата-бабалардың ерлігін жиналған жұрт қайта еске түсірді. Сонымен қатар, мерекелік шарада Елбасының ант қабылдау салтанаты, Ата заң, ұлттық валюта, Нұр-Сұлтан қаласының бой көтеру сәттері көрерменнің көңіл түкпіріндегі сезімнің қайта жандануына сеп болды.

Кеш соңында 28 жыл бойы тәуелсіздіктің бесігінде тербелген жалынды жастар «Мекенім – Қазақстан» әнін жаппай орындап, өнерсүйер қауымға рух сыйлады.

Соңғы жаңалықтар