Шымкентте Ұлттық ұлан сарбазының көкбауырын езіп жіберген әскерилер сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қатардағы сарбазды ұрып-соғып, көкбауырын езіп жіберген әскерилер сотталды. Келеңсіз жағдай Жамбыл облысындағы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент гарнизоны әскери сотының мәліметінше, 2018 жылы 30 қазанда түнгі сағат 21:49 шамасында қатардағы жауынгерлер Е.Ж.Қуанышов пен Р.Әбдікәрім әскери казармада төбелес ұйымдастырған.

«Олар сарбаз В.Плотниковты бейне-бақылау камерасы түсірмейтін бұрышқа шақырып, мойнынан ұстап тұрып, үстінен басқан. Сөйтіп жерге қарай еңкейту арқылы В.Плотниковтың денесінің сол жағынан, яғни көкбауыры тұсынан бар пәрменімен бір рет соққы жасаған. Осы кезде соққы алған сарбаз темір төсекке барып жатпақшы болғанда оны сыбайласқан екеу тағы ұрып-соғып, көкбауырын жарып жіберген. Салдарынан таяқ жеген В.В.Плотников әскери госпитальға жатқызылып, оның көкбауырына ота жасалған. Дәрігерлер науқастың көкбауырын алып тастауға мәжбүр болған» делінген хабарламада.

Сотта қатардағы екі жауынгердің қылмыстары толықтай дәлелін тапты. Алайда жәбірленуші жігіт оларға кешірім бергенін айтып, материалдық шығын ретінде 100 мың теңге және моральдық зияны үшін 300 мың теңге өндіруді сұраған. Осы жағдайды ескере отырып сот екі айыпталушыға да үкім шығарды.

Ерлан Қуанышов пен Рысбек Әбдікәрім Қазақстан Республикасы ҚК-нің 440-бабының 3-бөлігінің 2 және 4-тармақтарында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оларға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты деп саналды. Олар осы мерзім ішінде пробациялық бақылауға алынып, жәбірленушіге сұралған өтемақыларды 2 ай ішінде толықтай төлеуге міндеттелді. Төлемеген жағдайда мәжбүрлеп орындауға жолданатын болды. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар