Шымкентте тұрғын үйлердің бағасы біршама арзандаған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте тұрғын үйлердің бағасы арзандап кеткен. Бұған жұрттың әлеуметтік жағдайы себеп болып отыр. Жергілікті риэлторлардың пікірі осыған саяды.

Сала мамандарының сөзінше, қазір қарапайым халықтың қолында қомақты ақша жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Тұрғын үй нарығында 15 жылдай тәжірибесі бар Сәуле Асылбекованың сөзінше,  баспаналы болғысы келетіндер көбінесе арзан бағаға іздейді. Бұған дейін жаңа үйлерден де жоғары бағаланған пәтерлер біраздан бері өтпей қалса керек, қожайындары құнын төмендетіп жатыр.

«Былтыр пәтерлер де, жекеменшік үйлер де доллармен сатылатын. Биыл бағасы теңгемен белгіленеді. Ал, бағасына келсек, өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда арзандаған. Әсіресе, бұрын салынған көпқабатты, оның ішінде 103-105 сериялы  үйлердің құны төмендеп отыр. Интернетте сарапшылар 1 пайызға арзандаған дейді, ол шындыққа жанаспайды. Біздің есебімізше, 10-15 пайызға түскен. Мәселен қазір бір бөлмелі пәтерлерді  4,8 - 5,5 млн теңгенің арасында алуға болады. Өткен жылдары бұл бағаға  тек жатақхана алуға болатын», - дейді риэлтор С.Асылбекова. 

Мамандардың сөзіне қарағанда, қазір жұрт негізінен бір және екі бөлмеге ұмтылады. Әрі екі бөлмелі пәтерлер де бағасы қолжетімді болып қалған. Мәселен, өткен жылдары 40 мың доллар тұратын баспананы қазір 9 - 14 млн теңгенің аралығында алуға болады.

«Таумир» риэлторлык агенттігінде істеитін Әлия Динасилованың айтуынша, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл сауда жоқ. Алушы аз. Халықта нақты ақша жоқ. Көбісі алмастырады. Кейбіреулер банктен алған ипотекасын төлей алмағандықтан, арзанға беріп, басқа үйге ауыстырып жатыр екен. 

«Жекеменшік жер үйлер өткен жылдары 200 мың доллар тұрса, биыл сол үйлерді 80-85 мың долларға сатуда. Өйткені нарық түсіп жатыр. Қазір табыс азайып кетті. Пәтер жалдаушылар да арзан үйлерге жүгіреді. Бұрындары клиенттер комфорт іздеитін. Қазір бағасы арзанын сұрайды. Мәселен, өткен жылы 80-90 мың теңгеге берілетін пәтерлер биыл 50-55 мың теңгеге берілуде. Алыс жерлерден келгендер болмаса, жергілікті халықтың қалтасы көтермей қалған. Көбісі 30-40 мың теңге тұратын пәтер іздейді»,- дейді  Әлия Динасилова.

Делдалдар жаңадан салынған үйлерден пәтер алуға жұрттың шамасы келмейтінін айтады. Өйткені бағасы нарықтан әлдеқайда қымбат. Әсіресе  кірпіштен салынған көпқабатты үйлер шарықтап тұр. Жеңіл құрастырылған үйлердің алаңы үлкен деп қызыққандар, көбінде банктің көмегіне жүгінеді. Бірақ ондағы пайыздық мөлшерлемелер де алушылардың қалтасына ауыр соғып тұр.

Жұрттың негізгі үміті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша салып, төмен пайызбен ипотекаға қолжетімді баспана алу болып тұр.

 «Екінші деңгейлі үйлердің ішінде біздің талабымыз бойынша құрылысы 50 жылдан аспауы керек. Тек облыс орталығы емес, облыс аумағындағы қала аудандардан да үй алуға болады. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап балшықтан жасалған (саман) үйлерді де алуға рұқсат берілген. Ол үшін банк тарапынан несие беріледі. Тек клиент алғашқы сомасын банкке құю керек»,- дейді  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ОҚОФ төрағасының орынбасары Ақылбек Қоспанов.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында үш бірдей жаңа тұрғын үй алабы бой түзеп отыр. Сәулетті үйлердің барлығы бір стильде салынып, үздік сәулет үлгісіне негізделмек. Көпқабатты тұрғын үй құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы басталады.

Жалпы облыс аумағында өткен жылы 500 мың шаршы метрден астам үй халықтың пайдалануына берілген. Ол пәтер кезегі мен баспанаға зәру отбасыларға табыс етілді. Өңірдегі тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу мақсатында 5 бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Сол арқылы 2021 жылы құрылыс қарқынын жылына 1 миллион шаршы метрге жеткізу жоспарда бар.

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 153 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол 7091 пәтерді құрайды. Соның 111 үйі немесе 5989 пәтер биылғы жылы тапсырылады»,- деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатов.

 

Соңғы жаңалықтар