Шымкентте төтенше жағдайдың салдары ретке келтірілуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында екі күн бойына соққан қатты желдің салдарын жойып, орын алған жағдайды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірлесіп шұғыл жұмыстар атқаруының арқасында тұрғын үйлер электр қуатына қосылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалада соққан қатты желдің салдарынан бірнеше шағын аудандарда жарық сөніп қалған болатын. Атап айтқанда, Пахтакор, Самал-3, Қызылсай, Кайтпас-2, Жаңа-талап, Шаңырақ, 4 –ші, 18-ші шағын аудандары мен Акжар, Қайнар – бұлақ саяжайы, Откормсовхоз елді мекенінің тұрғындары жарықсыз қалып, Байтұрсынов көшесіндегі «Фронт офис» ғимаратының 150 шаршы метр шатыры ұшқан еді. Сондай-ақ, Солтүстік мөлтек ауданындағы көпқабатты екі тұрғын үйдің шатыры мен Нұрсәт шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің қасбеті зақымданған.

«Осынау авариялық жағдай орын алуына байланысты қала аумағында орналасқан 8 жылу қазандықтары, 8 сорғы стансалары 20 желтоқсан кешкі сағат 21:30 - дан 21 күні таңғы сағат 8:35-ке дейін уақытша өшірілді. Орын алған жағдайды қалпына келтіру мақсатында Шымкент қалалық әкімдігі және төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірлесіп шұғыл жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда жылу нысандары қалыпты жағдайда температуралық кестеге сай жұмыс жасауда. Электр желісінде анықталған ақаулар толығымен жойылып, тұрғын үйлер электр қуатына қосылып жатыр. Арнайы жасақталған бригадалар жұмыс жүргізіп, жалпы қаладағы сөнген электр жарығын 1-2 сағат көлемінде толық қосу жоспарлануда»,- делінген қалалық әкімдіктің хабарламасында.

Қалалық әкімдік пен ТЖД тұрғындарға келеңсіз жағдайлар орын алған жағдайда 87252-24-72-99 байланыс телефонына хабарласуларын ескертіп отыр.

«Құрметті тұрғындар апат айтып келмейді. Келеңсіз жағдайлар орын алған жағдайға сабырлылықпен қарауға шақырамыз. Қала тұрғындарының әрбір арыз-шағымдары Шымкент қаласы әкімдігінің қатаң бақылауында екендігін назарларыңызға жеткіземіз»,- делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар