23:38, 30 Наурыз 2020 | GMT +6
Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған 13 адам қамауға алынды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 16-27 наурыз аралығында төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеулерді бұзған 22 адамның ісі әкімшілік сотта қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 адам қамауға алынып, 3 тұрғынды сотқа күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылды. Тағы 5 адамға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
«Ал, әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты 1 адам жауапкершіліктен босатылды. Алдағы уақытта осындай әкімшілік құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді төтенше жағдай режимін сақтау және оны орындау талап етіледі», - делінген хабарламада.