Шымкентте ТМД мен Кеден одағына мүше елдердің бас кеденшілері басқосты

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттегі «Rixos» қонақүйінде Тәуелсіз мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтері басшылары Кеңесінің 61-отырысы мен Кеден одағына мүше мемлекеттердегі кеден қызметтерінің бірлескен 15-алқа отырысы өтті. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жиынға Қазақстан Рeспубликасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д.Ерғожин мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов арнайы келді. Алыс-жақын шет елдерден келген жауапты тұлғалардың қатысуымен өткен отырыстың жұмысына сәттілік тілеген өңір басшысы мәжіліс кезінде туындаған ой-пікірлер мен ұсыныстар жалпы экономикалық диалогқа оң әсерін тигізеді деді. Күн тәртібінде ТМД шеңберіндегі тауарлардың кедендік құнын бақылауда өзара ықпалдасу, зияткерлік меншік нысандарының құқықтарын қорғаудың қағидалары мен интернет-тауарларды кедендік бақылау сынды мәселелер қаралды. Сондай-ақ, ТМД қатысушы мемлекеттердің кеден қызметтері басшылары Кеңесінің құқық қорғау бөлімшелері жетекшілерінің Комитеті туралы ережені бекітті. Отырыс кезінде кеден органдарының өзара іс-қимылдары мен «жалғантранзитке» қатысты ақпарат алмасуды ұйымдастыру, кедендік декларацияларды қағаз жүзінде жөнелту рәсімін жою, тауарлардың кедендік құны бойынша тәуекелдерді азайтудағы бірыңғай тәртіптер белгіленіп, жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша тиісті шешімдерге қол қойылды. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастаған болатын. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения мүше. Кейін одаққа Қырғызстан қосылды.

Соңғы жаңалықтар