Шымкентте теннистен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі ұлттық теннис орталығында спорттың осы түрінен жасөспірімдер арасындағы ITF- JUNIORS G3 турнирі өтуде. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған сайысқа 15 мемлекеттен 130-дан аса спортшы қатысып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің тенис федерациясының вице- президенті Диас Досқараевтың сөзінше, 18-23 маусым аралығында өтетін жарысқа қатысу арқылы құрама командалардың ойыншылары тәжірибе жинақтап, үлкен дайындықтан өтеді.

«Бұл сайысқа еліміздің ең мықты ойыншылары қатысып отыр. Солардың бірі Достанбек Ташбулатов өткен жылы АҚШ-та өткен Orange Bowl жарысында күміс медаль жеңіп алып, жасөспірімдер арасында үздік спортшы саналып отыр. Достанбекке бұл ойын өте маңызды, себебі ұпай жинау керек. Одан басқа да ойыншыларымыз Мәлік Омарханов, Ерасыл Мұрат, Екатерина Дмитриченко, Дарья Детковская, Анастасия Астахова, Елизавета Карлова мен Мария Синицыналар қатысып отыр. Бапкерлеріміз де ойынды көріп отырып, қай жағынан жұмыс істеуіміз керек деп, басқа елден келген ойыншылардың тәжірибесін қарауда. Шымкенттен ашылған ұлттық теннис орталығы халықаралық деңгейдегі ATP Челленджер сияқты жарыстарды өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жерде 18 корт, қонақүй сияқты барлық мүмкіндік жасалған. Қазіргі таңда елімізде ұйымдастырылып жатқан халықаралық жарыстардың 60 пайызы осы Шымкентте өтеді», - дейді Диас Досқараев.
null

Жарыс барысында арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, онда ҚР теннис федерациясы Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалының жаңа директоры таныстырылды. Бұл қызметке облыстық мәслихаттың хатшысы, кәсіпкер Қайрат Балабиев лайық деп танылды. Жаңа басшысы спорттың осы түрімен етене таныс екенін әрі оны өңірде дамытуға зор үлесін қосатынын жеткізді.

«Менің осы қызметке тағайындалуым маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте маған сенім артып отырған федерацияның басшылығына алғысымды айтамын. Біздегі ұлттық теннис орталығында мықты мамандар көп. Біз алдағы уақытта ауылдық жерлерде тұратын балаларды осында тасымалдап, жаттығуына жағдай жасайтын боламыз. Келешекте жетім балалардың да шұғылдануына мүмкіндік береміз. Өйткені бұл спорт түрі барлық балаға қолжетімді болуы керек», - деді Қайрат Балабиев.
null

Брифингте сондай-ақ спорттың осы түрін оңтүстік өңірінде дамыту жайы сөз болды. Ол үшін облыс аумағында қыруар қаражат бөлініп, балаларды тенниске тарту үшін барлық жағдайлар жасалып жатқаны айтылды. Оның ішінде Ұлттық теннис орталығының орны ерекше екені атап өтілді.

Айта кетейік, ұлттық теннис орталығы Абай саябағының 3,47 гектар жерін алып жатыр. Нысанды салуға 1,51 млрд теңге жұмсалды. Ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталып, биыл жылдың ақпан айында аяқталған. Спорттық нысанда 100 орындық мінбе, 20 адамға шақталған интернаты және 48 орындық асханасы бар.
null

Соңғы жаңалықтар