Шымкентте тараған сайлау учаскесінің хаттамалық қорытындысы туралы ақпарат - жалған

Фото:
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Сайлау учаскесінің хаттамалық қорытындысы туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кешегі күні Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманың алдын ала дайындалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Тіпті, қай депутаттың қанша дауыс алғаны туралы мәлімет әлеуметтік желіде тарап кетті.

Ақпараттың жалған екендігін айтқан Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев видеоүндеу жасады.

«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары бойынша видеороликтердің шындыққа жанаспайтындығын хабарлаймын. Ондағы құжаттар мыжылған және ешқандай қолтаңба мен мөр қойылмаған. Роликте көрсетілген мәліметтер арандату деп есептеймін. Сайлау учаскесінде тиісті хаттамаға қоятын мөрлер сейфте сайлау басталғанға дейін сақталады. Хаттамалар тек сайлау қорытындысына сәйкес толтырылады және нәтижесі жарияланады. Аталған мәселені құзырлы орган тексеріп құқықтық баға беріледі»-деді ол.


Соңғы жаңалықтар