Шымкентте тақтатас мұнайын өндіру жолдары талқыланды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Елімізде алдағы үш жылда үлкен тереңдіктен алынатын тақтатас мұнайын өндіру үшін жаңа кен орындары ашылады. Бұл туралы Шымкенттегі ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.

Басқосуда мамандар мұнай өндіруде дәстүрлі тәсілдерден қиын қорларды игеруге ауысу қажет екенін атап өтті.

«САУТС-ОЙЛ» компаниясының ұсынысымен мұнайды жаңадан әрі қиын тәсілдермен іздестіру жөнінде заң қабылданды. Конференцияда осы мәселеге қатысты Ресей, АҚШ, Қытайдың жетекші мамандары пікір білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Елімізде жаңадан үлкен кен орындарын ашуымыз керек. Біздің елде мұндай мұнай әлі өндірілген жоқ. Бірақ, мұнай бар екені ғылыми тұрғыда дәлелденген», - деді ҚР мұнайшы-геологтер қоғамының президенті Балтабек Қуандықов.

«САУТС-ОЙЛ» қара алтын өндіруде жетекші ондыққа кіретін іргелі кәсіпорын саналады. 20 жылдық тәжірибесі бар компания осы күнге дейін 10 млн тонна мұнай, 750 млн текше метр газ өндірген. Қазынаға 227 млрд теңгеден астам салық төледі. Компания жұмыс істеген кезеңінде Кеңлік, Оңтүстік-Батыс Қарабұлақ, Шығыс Ақшабұлақ, Ақтау, Есжан және т.б. 10 мұнай-газ кен орны ашылды. Жиында кәсіпорынның жаңа жобалары да кеңінен таныстырылды.

«Бүгінгі алқалы жиынның маңызы өте зор. Өйткені, үлкен жобаларға ғылыми шешімдер қабылданып, соны іске асыруға бағдарлама беріледі. Сөйтіп, ол заңдастырылады. Оның ішінде ең керегі экология туралы жобалар болады. Оңтүстік Торғай бассейнінен өндірілген тақтатас мұнайының алғашқы қоры мемлекетке өткізілді. Енді компания алдағы үш жылда 15 ұңғыма қазып, 9 мыңға жуық адамды тұрақты жұмысқа тартпақ», - деді «САУТС-ОЙЛ» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов.


Шетелдіктердің қатысуынсыз ашылған компания бірқатар өңір экономикасының дамуына зор ықпал ететін ауқымды жобаларды іске қосты.

«САУТС-ОЙЛ» кен игеретін оператордан елде және шетелде танымал ірі жеке компанияға айналды. Серіктестік 20 жыл бойы қалалар мен ауылдардың өмірін жақсартуға бағытталған әлеуметтік инвестициялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Компания жыл сайын өндіріс шығындарының 3%-ін әлеуметтік салаға бағыттайды. Бүгінде компания дәстүрлі емес көмірсутектің алғашқы көлемін өндірді», - деді «САУТС-ОЙЛ» вице-президенті Шайхан Мұхаметрахимов.

Биыл ҚР пайдалы қазба қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияда «САУТС-ОЙЛ» Қарағансай учаскесінің тақтатас мұнай қорларын есептеу есебін қорғады. Осылайша, отандық тарихта дәстүрлі емес көмірсутектерді барлау және өндіруге алғашқы және маңызды қадам жасалды.


Соңғы жаңалықтар